Malim.kz
Қоғам

Ресейлік блогер қазақ қыздары туралы пікір айтып, дауға қалды

Алуа Әшірбекова
Фото: скриншот/ stan.kz

Алматы көшелерін аралап жүрген ресейлік TikTok блогердің қазақ қыздарының сырт келбеті туралы айтқан сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Блогер аялдамада тұрған қыздарды сырттай видеоға түсіріп, қазақ қыздарының ұзын шашын ұнататынын айтқан. Алайда ол олардың шашын жылқының жалына теңеп, көпшіліктің сынына ұшырады.

Желі қолданушыларының бір бөлігі мұндай салыстыруды қорлау деп қабылдап, блогерді жауапкершілікке тартуға шақырды.

"Тауып алып, дала заңымен жазалау керек!", "Өзін жылқысың!", "Енді шаштары да жақпай қалды ма?" - деп жазды пікір қалдырушылар.

Ал кей қолданушылар блогердің ойын сәтсіз жеткізгенін, шын мәнінде қазақ қыздарының қалың әрі ұзын шашын мақтағысы келген болуы мүмкін екенін алға тартты.

"Ол ойын дұрыс жеткізе алмады. Шаштары жал сияқты қалың екенін айтқысы келген шығар. Ойына не келсе, соны айта салған", – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Сонымен қатар кейбір оқырман дауды ұлттық мәселеге айналдырмауға шақырды. Көпшілік қыздарды олардың келісімінсіз сырттай видеоға түсіру мәселесіне де назар аударған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары