Ресейлік философ әрі идеолог Александр Дугин посткеңестік кеңістікте тәуелсіз мемлекеттердің дәуірі аяқталды деп мәлімдеп, Қазақстан мен бірқатар елді Мәскеудің ықпалына бағындыруды ұсынды. Бұл туралы Qaz365.kz сайтына сілтеп Malim.kz хабарлайды.
Эфирде сөйлеген Дугин Ресей өзгеріп жатқан әлемде негізгі күш орталықтарының біріне айналуы тиіс екенін айтып, стратегиялық маңызы бар аумақтарды өз бақылауына алуы қажет деген пікір білдірді. Оның сөзінше, Ресей ықпалынан тыс қалған елдер болашақта басқа геосаяси ойыншылардың құралына айналуы мүмкін.
«Біздің мақсатымыз – үшполюсті әлемде ең маңызды күш орталығы болу. Егемен, еркін, тәуелсіз әрі ауқымды мемлекетке айналу. Ал біз бақылауымызға алмаған аумақтар бейтарап болып қалмайды», – деді ол.
Дугин өз сөзінде тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүруіне жол беруге болмайтын елдердің тізімін де атап өтті. Оның қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Грузия және Әзербайжан бар.
«Егемен Арменияның, егемен Грузияның, егемен Әзербайжанның, егемен Қазақстанның, Өзбекстанның, Тәжікстан мен Қырғызстанның болуымен келісуге болмайды», – деді ол.
Сондай-ақ Дугин ұсынған модельде мемлекеттердің тәуелсіздігіне орын жоқ екенін айтып, аталған елдер Ресейдің бақылауындағы бірыңғай одақтың құрамына кіруі тиіс немесе Батыс, Еуропалық одақ, АҚШ не Қытай секілді өзге күш орталықтарының ықпал алаңына айналады деген уәж келтірді