25 қазан – Республика күні қарсаңында ата-аналар мен ұстаздар балаларға жаттауға жеңіл, тәрбиелік мәні бар тақпақтар іздейді. Отанды сүю, туған жерді қадірлеу және ел бірлігін сақтау туралы өлеңдер мерекелік ертеңгіліктер мен мектептегі әдеби кештердің мазмұнын аша түседі, деп хабарлайды Malim.kz. Назарларыңызға авторлары көрсетілген 30 өлең мен қысқа үзінді ұсынамыз.
Республика күні – Қазақстанның егемендік жолындағы маңызды белесін айқындайтын мереке. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды.
Жинаққа қазақ ақындарының Отан, туған жер, елдік пен ана тілі туралы шығармалары енгізілді. Ұзақ өлеңдерден қысқа үзінділер берілді. Жас топтарына бөлу – мәтіннің күрделілігіне қарай жасалған ұсыныс.
Балабақша тәрбиеленушілеріне
1. "Отан"
Авторы: Ермек Өтетілеуов
Отан деген – атамекен,
Отан деген – туған жер.
Отан – ана,
Отан – үлкен,
Қазақстан – туған ел!
2. "Қазақстан жалауы"
Авторы: Ермек Өтетілеуов
Көк байрағы бабамның –
Бүгінгі ұрпақ алауы.
Тірегі әке-баланың –
Қазақстан жалауы.
3. "Отан" – үзінді
Авторы: Жақан Смақов
Гүлдердің ертемен
Қауызын ашқанын,
Көктемнің көкпеңбек,
Мөп-мөлдір аспанын…
4. "Отан – ана" – үзінді
Авторы: Шамшабану Хамзақызы
Өзің еккен гүл едім,
Құшағыңнан түледім.
Ұлы Отаным сондықтан,
Сен деп соғады жүрегім.
5. "Заман нәрі" – үзінді
Авторы: Шамшабану Хамзақызы
Заманадан нәр алып,
Өтіп жатыр балалық.
Саясында Отанның,
Құлын-тайдай шабалық.
6. "Алаш – менің есімім!" – үзінді
Авторы: Ислам Шұғайыпұлы
Біз ұқыпты баламыз,
Кішілерге панамыз.
Туған елдің көгінде
Жұлдыз болып жанамыз.
7. "Туған жердің ауасы" – үзінді
Авторы: Ислам Шұғайыпұлы
Туған жердің ауасы,
Жанның болған дауасы.
Тәуелсіз ел атанып,
Асты қазақ бағасы.
8. "Отан" – үзінді
Авторы: Талап Таймасұлы
Қазақ Елі – бақ маған,
Тірлігімнің тірегі!
Қайда жүрсем, мақтанам
Отаныммен үнемі.
9. "Отаным менің" – үзінді
Авторы: Бүркіт Ысқақов
Көп аузынан түспейтін
Отан деген немене?
Оның тұлға, түс-кейпін,
Достым, білгің келе ме?
10. "Қазақ елі" үзінді
Авторы: Бүбішхан Тікебаева
Ақ көгершін қалықтап,
Көкте күлім қағады.
Бастауыш сынып оқушыларына
11. "Туған жер, туған топырақ" – үзінді
Авторы: Мұзафар Әлімбаев
Бір татсаң суынан –
Іздетер ұдайы,
Бір өтсең нуынан –
Іздетер ұдайы…
12. "Қазақстан – Отаным" – үзінді
Авторы: Арасанбай Естенов
Еліммен бірге тілегім,
Туған жер – алтын тұрағым.
13. "Менің Қазақстаным!" – үзінді
Авторы: Дәркен Танабаев
Көк байрағым, желбіре,
Қыран құсым, қалықта.
14. "Кең далам" – үзінді
Авторы: Дәркен Танабаев
Теңіздей толқыған,
Керімсал кең далам.
Қалықтап көгіңде,
Желің боп ән салам.
15. "Туған елдің аспаны" – үзінді
Авторы: Ғали Орманов
Қуанышты тым маған
Туған елдің аспаны.
Тұңғыш қарап кім оған,
Дүние есігін ашпады?
16. "Айналайын, туған жер" – үзінді
Авторы: Гүлнәр Науырша
Айналайын, туған жер,
Айдыныңды сағындым.
Айналасы көк құрақ,
Шалғыныңды сағындым.
17."Мен сүйемін елімді" – үзінді
Авторы: Әли Ысқабаев
Бақыт нұры шалқыған гүл-өңінен,
Кең өлкемді сүйемін жүрегіммен.
Елге деген махаббат тыншымайды,
Мұңая да біледі, күле білген.
18. "Атамекен" – үзінді
Авторы: Қасым Аманжолов
Сүйем сені туған ел – атамекен,
Абзал анам сенсің ғой құшағың кең.
Жер мен көктің жаннаты бір өзіңсің,
Сенен артық не табам, қайда кетем.
19. "Туған жер" – үзінді
Авторы: Қасым Аманжолов
Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің!
Нендей күйге жүрегімді бөледің?
Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем,
Арманым жоқ бұл дүниеде, – дер едім.
20. "Туған жер" – үзінді
Авторы: Мағжан Жұмабаев
Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,
Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер.
Жастық – алтын, қайтып келмес күнімде
Ойын ойнап, шыбын-шіркей қуған жер.
Орта және жоғары сынып оқушыларына
21. "Отан" – үзінді
Авторы: Мұқағали Мақатаев
Екі Отан жоқ.
Жалғыз Отан – мекенің!
22. "Елім барда" – үзінді
Авторы: Мұқағали Мақатаев
Не істемекпін алтын, гауһар, жақұтты,
Оларды іздеп өткізбеспін уақытты,
Мен бақытсыз бола қойман сірә да,
Туған елім болса екен бақытты.
23. "Өр елім" – үзінді
Авторы: Мұқағали Мақатаев
Өрге тарт, менің өр елім!
Өңгеріп мынау ғасырды.
24. "Атамекен" – үзінді
Авторы: Исраил Сапарбай
Апайтөс тау – қар қомында,
Баурайында – ауылдар.
Сол бір таудың ар жағында
Ағайын бар, бауыр бар.
25. "Қазақстан деген ел" – үзінді
Авторы: Кәкімбек Салықов
Жерімнің туы – Алатау,
Еділдің Жайық егізі.
Мұң шөккен Қорған-Қаратау,
Сарыарқа – елдің негізі.
26. "Біз кімбіз десең…" – үзінді
Авторы: Кәкімбек Салықов
Біз кімбіз десең –
Құс қанатты қазақпыз.
Сан қырғыннан есен қалған ғажаппыз.
27. "Туған жерім – өз елім" – үзінді
Авторы: Сәкен Сейфуллин
Өткелдерге ауыл қонған мезгілдер,
Бәйшешектер құлпырынған мезгілдер.
Майысып бір көк талдардың басында,
Құстар сайрап, көңіл бұрған мезгілдер.
28. "Мен жастарға сенемін" – үзінді
Авторы: Мағжан Жұмабаев
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күшті қанатты.
Мен жастарға сенемін!
29. "Қазақ тілі" – үзінді
Авторы: Мағжан Жұмабаев
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың…
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!
30. "Түркістан" – үзінді
Авторы: Мағжан Жұмабаев
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой.