Malim.kz
Әлем

Румыния президенті Ресей дронының тұрғын үйге түскенін мәлімдеді

Арман Қайыпхан
Фото: Reuters

Румыния президенті Галацтағы дрон шабуылына Ресей жауапты екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Румыния президенті Никушор Дан Галац қаласындағы тұрғын үйге дронның түсуіне Ресей жауапты екенін айтты.

Президенттің сөзінше, Ресейдің ұшқышсыз ұшу аппараттары Украина аумағы арқылы өткен кезде олардың кейбірін украиналық әуе қорғаныс күштері атып түсірген.

«Дрондар Украина аумағынан өтіп бара жатқанда, олардың бірқатары жойылды. Солардың бірі Рени қаласының үстінде соққыға ұшырап, бағытын өзгертіп, Галацқа қарай бет алған болуы мүмкін», – деді Никушор Дан баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар Румыния басшысы шекара маңындағы Галац қаласындағы тұрғын үйге жасалған соққы үшін жауапкершілік «анық түрде Ресейдің мойнында» екенін атап өтті.

Румыния президентінің мәліметінше, оқиға салдарынан екі тұрғын жарақат алған. Олардың денесін күйік шалғанымен, дәрігерлер науқастардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.

Сондай-ақ дрон кемінде 30 келі жарылғыш зат алып жүргені айтылды.

Ал Владимир Путин Астанада өткен баспасөз мәслихатында бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.

«Қандай да бір ұшу аппаратының нақты қай елге тиесілі екенін сараптама жүргізілмей тұрып ешкім нақты айта алмайды», – деді Ресей президенті.

Путин бұған дейін Еуроодақ елдерінің аумағына құлаған дрондар бойынша да бастапқыда Ресей айыпталғанын, алайда кейін олардың ресейлік аппараттармен байланысы жоқ екені анықталған жағдайлар болғанын мәлімдеді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары