Malim.kz
Хикаялар

«Шагом марш!» деп, қуып шықты. Бауыржан Момышұлы туралы бір естелік

Ереке Базарқұл
© abai.kz

Бұл жазбаны әйгілі журналист, медиамаман Серік Абас-шахтың Facebook желісіндегі парақшасынан алып, қаз қалпында беріп отырмыз. Естелікте белгілі сатирик Көпен Әмірбектің Бауыржан Момышұлынан сұхбат алуға барған хикаясы айтылыпты.


Мен сұхбат алатын кезде Бауыржан Момышұлының қолы тимеді. Үш күн қатарынан қоймай барған соң, «таңертең, сағат ондар шамасында кел» деді. Ол кезде 25-26 жаста едім. Бардым. Барсам, көңіл-күйі жоқ, аяғын столдың үстіне көтеріп қойып, демалып отыр екен. Бір қарады да: «Ана тұрған виноны әкеліп құй!» деді. Екі үлкен кесеге құйдым. Тартып жібер деген сыңай танытқан соң, ішіп алдым. Баукең қанша ішсе, сонша ішемін деп сыпайылық сақтап отырған болатынмын. Жәй көз қиығымды салсам, бәрін ішіп қойыпты. Мен де тауыстым. Сосын отырып едім, «Встать, тағы біреуін алып кел!» деді. Тағы да әкелдім. Екінші жолы да рюмкіге толтырып құйдым. Бұл жолы ол жартысын ішті, мен де жартысынан кейін тоқтай қалдым. «Ой, жақсы болды ғой, Бауыржан Момышұлымен шарап іштім, дәмдес, тұздас болдым, екеуміздің әңгімеміз жарасатын болды ғой» деп, — Ал аға, екі-үш күннен бері сізбен хабарласып жүрген журналист ініңіз мен едім, енді осы жолы сұхбат беретін шығарсыз» – десем, бірден: «Дурак!» деп зекіп қалды. «Қандай ақымақ журналист ішіп алып сұхбат алатын?! Шагом марш!» деді де қуып шықты.

 
Осыған әлі күнге дейін өкінемін. Біріншіден, менікі әдепсіздік болды. Екіншіден, менен кемшілік кеткен күннің өзінде де, ертесіне қайтып баруым керек еді. Онда куып жіберсе де, тағы да барып, тіпті 40 рет қуса де қайтпауым керек еді. Сонда Әзілхан Нұршайықовтың «Аңыз бен Ақиқаты» секілді, біртуар қаһарманның бүкіл тұла бойындағы Әзілхан (15.12.1922- 12.02.2011) ағам байқамаған қасиеттерін мен байқап қалар ма едім, әлде Әзекеңе ашылмаған сырын маған ашылар ма еді, «қап, бекер істедім!» деп осы күнге шейін өкінемін.


Естелік иесі (марқұм) Көпен Әмірбек
(29.03.1950 - 09.11.2022)

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары