Миланда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың тарихи жетістігі қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Жазушы Қанат Тілеухан Instagram парақшасында бұл жеңісті мемлекетпен немесе Үкіметпен байланыстыруға қарсы екенін білдірді. Оның пікірінше, Олимпиададағы алтын – ең алдымен спортшының жеке еңбегінің жемісі.
"Михаил Шайдоровтың алтыны – елдің немесе Үкіметтің жетістігі емес. Біз әдетте спортшы Олимпиада шыңын бағындырса, оны ұлттың ұлы жеңісі деп қабылдаймыз. Ал меніңше, бұл – жеке талант пен маңдай тердің арқасында келген жеке жеңіс. Қазір бәрі құттықтап жатыр, бірақ бұған дейін көп адам оның есімін білмеді. Ол бала кезінен осы спортты таңдап, табандылықпен дайындалып, тарихи нәтижеге жетті. Біз кейде бір спортшының жетістігін өзімізге теліп алғымыз келеді. Негізі бұл жеңіспен ешкім ортақтаспау керек, тек қуанышын бөлісуге болады", – деді ол.
Тарихи алтын қалай келді?
Ерлер арасындағы еркін бағдарлама сенбіге қараған түні өтті. Қысқа бағдарламадан кейін бесінші орында тұрған Шайдоров соңғы, ең мықты спортшылар өнер көрсететін топта мұз айдынына шықты.
Ол бағдарламасында аса күрделі элементтерді мінсіз орындады. Атап айтқанда, үштік аксель мен ойлер арқылы жалғанған төрттік сальхов каскадын сәтті көрсетті. Сонымен бірге белгімен орындалған төрттік лутц, төрттік флип, екі төрттік тулуп (оның бірі үштік тулуппен каскадта) және үштік аксель секілді ультра-си деңгейіндегі элементтерді таза орындап шықты.
Еркін бағдарлама үшін қазақстандық спортшы 198,64 ұпай алды. Ал қос бағдарлама қорытындысында 291,58 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартты.
Осы нәтижемен 21 жастағы Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстанға 2018 жылдан бергі алғашқы қысқы Олимпиада медалін сыйлады. Бұл – ел тарихындағы екінші Олимпиада алтыны. Бұған дейін 1994 жылғы Лиллехаммер Олимпиадасында Владимир Смирнов шаңғы жарысында алтын жүлде иеленген еді.