Malim.kz
Әлем

Сайлау қарсаңында Арменияда алты оппозиционер ұсталды

Арман Қайыпхан
Фото: Karen Minasyan/AFР

Арменияның Тергеу комитеті оппозициялық Күшті Армения альянсынан депутаттыққа кандидат болған алты адамның қамауға алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.

Оларға сайлаушылардың еркін таңдау жасауына кедергі келтіру және аса ірі көлемде ақша жылыстату бойынша айып тағылып отыр.

Қамауға алынғандар қатарында Артур Абрамян, Ашот Саакян, Сюзан Бадоян, Ваге Егиазарян, Айк Авагян және Ваге Тавакалян бар.

Бұған дейін Арменияның Бас прокуратурасы оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Орталық сайлау комиссиясына өтініш жолдап, қамауға алуға келісім алған.

Орталық сайлау комиссиясы талапты қабылдамады

6 маусымда Арменияның Орталық сайлау комиссиясы «Күшті Армения» альянсын парламенттік сайлаудан шеттету туралы талапты қанағаттандырмады.

Комиссия төрағасы Ваагн Овакимян альянстың тіркеуін жоюға құқықтық негіз жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шешім қабылдауға сот үкімі де, басқа заңды негіздер де жоқ.

Сонымен қатар Тергеу комитеті Ереван қалалық кеңесіне сайлауда «Күшті Армения» тізімінің бірінші нөмірі болған Нарек Карапетян үстінен де іс қозғады. Тергеу мәліметінше, ол кандидат ретінде тіркелу кезінде Ресей азаматтығы барын жасырған болуы мүмкін.

Ақпарат жарияланғаннан кейін келесі күні оның азаматтығына қатысты мәліметтер Ресейдің мемлекеттік реестрлерінен жоғалып кеткені хабарланды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары