Malim.kz
Қоғам

Саламатты өмір салты – ұлт денсаулығының негізі

Айбын Атабай
Астана қаласы әкімдігі

Халық денсаулығын сақтау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл міндетті орындауда медициналық қызметтің сапасын арттырумен қатар, азаматтардың саламатты өмір салтын ұстануы ерекше маңызға ие. Денсаулықты нығайту әр адамның күнделікті өмір салтына, өз денсаулығына деген жауапкершілігіне және зиянды әдеттерден саналы түрде бас тартуына байланысты,  деп хабарлайды Malim.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ұлт денсаулығын нығайту, бұқаралық спортты дамыту және профилактикалық медицинаның рөлін арттыру мәселелеріне тұрақты түрде назар аударып келеді. Мемлекет тарапынан дене шынықтыру инфрақұрылымын кеңейту, алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар азаматтардың денсаулығына деген жауапкершілігін күшейтумен қатар, аурулардың алдын алу мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді.

Алкогольді шамадан тыс тұтыну, темекі шегу және есірткі қолдану адамның денсаулығына ғана емес, қоғамның әлеуметтік ахуалына да кері әсер етеді. Мұндай тәуелділіктер жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесі, бауыр және жүйке жүйесі ауруларының дамуына себеп болып, еңбекке қабілеттіліктің төмендеуіне, отбасылық қиындықтардың көбеюіне және құқық бұзушылықтардың артуына ықпал етеді. Денсаулық сақтау саласының мамандары зиянды әдеттердің салдарынан созылмалы сырқаттардың саны артып, медициналық көмекке түсетін жүктеменің де көбейетінін атап көрсетеді.

Қазақстанда зиянды әдеттердің алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде профилактикалық медициналық тексерулердің көлемі жыл сайын артып келеді. Скринингтік бағдарламалар жүрек-қан тамырлары ауруларын, қант диабетін, онкологиялық ауруларды және басқа да әлеуметтік маңызы бар сырқаттарды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Ерте анықталған ауруларды емдеу тиімділігі жоғары болатыны медициналық тәжірибеде дәлелденген.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, соңғы жылдары қазақстандықтардың спортпен және дене шынықтырумен тұрақты айналысу көрсеткіші өсіп келеді. Ел бойынша миллиондаған азамат бұқаралық спортқа тартылған. Өңірлерде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт алаңдары мен жүзу бассейндері пайдалануға берілуде. Бұл халықтың дене белсенділігін арттыруға және саламатты өмір салтын насихаттауға оң ықпал етіп отыр.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары