Malim.kz
Экономика

Салық органдары іске кірісті: мобильді аударымдарға байланысты не күтіп тұр?

Сабина Асқарқызы
Фото: Fotolia / Santiago Cornejo

Қазақстанда мобильді аударымдар бойынша алғашқы салықтық хабарламалар мамырда жіберіле бастайды, деп хабарлайды Malim.kz.

Қазақстанда банктерден түскен мобильді аударымдар туралы мәліметтерді салық органдары өңдеп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді. Оның айтуынша, банктерден 15 сәуірге дейін келіп түскен деректер қазір талданып, жүйеленіп жатыр.

Вице-министр әзірге нақты қанша азаматтың аударымдары бақылауға ілінгенін айтуға ерте екенін жеткізді.

«Әзірге нақты қанша азаматтың аударымдары бақылауға алынғанын айту мүмкін емес. Себебі бір адамның деректері бірнеше банктен келуі мүмкін. Сол себепті ақпаратты толық талдап, санаттарға бөліп шығу қажет», – деді Ержан Біржанов.

Оның сөзінше, алдымен азаматтардың мәртебесі анықталады. Атап айтқанда, мәліметтер жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, бейрезиденттер және өзге де санаттар бойынша жіктеледі. Сонымен қатар әртүрлі банктерден түскен ақпарат өзара салыстырылып, қайталанатын деректер сәйкестендіріліп жатыр.

Ержан Біржанов барлық банктер қажетті мәліметтерді ұсынып болғанын, енді мемлекеттік органдар оларды өңдеу және талдау кезеңіне көшкенін айтты.

«Жұмыстың қорытындысы бойынша айтар болсақ, бүгінгі күнге барлық банктер өздеріндегі деректерді ұсынды. Біз бұл ақпаратты қабылдап алдық, қазір оны өңдеу және талдау жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі кезеңде нақты қандай санаттар анықталатыны, қандай шаралар қолданылатыны туралы түпкілікті қорытынды айту мүмкін емес. Себебі алынған мәліметтерді мұқият талдап, салыстыру қажет», – деді ол.

Сондай-ақ ол алғашқы ескертулер мен хабарламалар тек мамыр айында жіберіле бастайтынын нақтылады.

«Қорытынды жасауға әлі ерте. Мамыр айында ғана алғашқы хабарламалар жіберіле бастайды. Сол кезде нақты талдау нәтижесін көреміз», – деді вице-министр.

Тағы бір мәліметке сәйкес, бір азаматқа қатысты ақпарат бірнеше банктен келуі мүмкін. Сол себепті қазір барлық деректер біріктіріліп, қайталанған жазбалар жойылып, толық сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін сәуір айында банктер қазақстандықтардың мобильді аударымдары туралы мәліметтерді салық органдарына тапсыра бастайтыны хабарланған еді. Ал осы жолғы талдау қорытындысы бойынша алғашқы салықтық хабарламалар мамыр айында жолданбақ.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары