Malim.kz
Құқық

Салықтан тыс миллиардтар: Елде коллекторлық агенттіктер тексеріліп жатыр

Айбын Атабай
Gov.kz

Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитеті дерегінше, кейбір компаниялар табысын жасырып, миллиардтаған теңгені салықтан тыс қалдырған.  

Қазақстанда коллекторлық агенттіктердің қызметі тексеріліп, ірі көлемдегі салықтық заңбұзушылықтар анықталды. Тексеру нәтижесіне сәйкес:

7 коллекторлық агенттікте табысты 11,8 миллиард теңгеге асырып көрсету дерегі анықталды;

төленбеген қосылған құн салығы (ҚҚС) 128 миллион теңгені болды;

қосымша құн салығы бойынша есепке тұрмағаны үшін 1,6 миллиард теңге айыппұл есептелді.

Сонымен қатар қосымша 15 салық төлеуші анықталды. Ықтимал табыс көлемі 61,6 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Ал төленбеген қосымша құн салығының сомасы шамамен 7,4 миллиард теңге.

Салықтан жалтару схемасы қалай жұмыс істеген

Тексеру барысында кейбір агенттіктердің салықтық міндеттемелерді азайту үшін арнайы схема қолданғаны белгілі болды.

Механизмі:

агенттік банктен берешекті номиналдан төмен бағамен сатып алады;

кейін борышкерден толық немесе ішінара қаражат өндіріп алады;

алынған сома "қарызды қайтару" ретінде көрсетіледі;

осылайша операциялар ҚҚС-тан босатылған ретінде есепке алынады.

Алайда мамандардың айтуынша, бұл операциялардың экономикалық мәні өзгеше. Комитеттің түсіндіруінше, берешекті сатып алу құны мен нақты өндірілген қаражат арасындағы айырма – бұл коллекторлық қызметтен түскен табыс. Ал кей жағдайда дәл осы табыс салық салынатын айналымға енгізілмеген.

"Қарыз операциялары ретінде көрсетілгенімен, іс жүзінде бұл салық салынуы тиіс сыйақы", – деп атап өтті ведомство.

Мемлекеттік кірістер комитеті анықталған заңбұзушылықтар жүйелі сипатқа ие екенін және мұндай схемаларды көптеген компания қолдануы мүмкін екенін мәлімдеді. Қазір қосымша анықталған 15 компанияға қатысты жан-жақты тексеру жүргізілген.  

Осылайша, тиісті салықтық шаралар қабылданады. Комитеттің мәліметінше, кез келген қызметтен түскен табыс, оның қалай рәсімделгеніне қарамастан, міндетті түрде салық салуға жатады. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары