Астана, malim.kz. «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің отырысында қордың корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік саласындағы көпжылдық жұмысының қорытындылары мен алдағы жоспарлары сарапталды. Бұл туралы malim.kz хабарлайды.
2016 жылдан бері қордың бірыңғай қайырымдылық операторы — Samruk-Kazyna Trust жалпы сомасы 124,1 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік жобаны сәтті жүзеге асырды. Осы уақыт ішінде еліміздің барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар қалаларында 274 әлеуметтік нысан, соның ішінде 55 оңалту орталығы, 31 инклюзияны қолдау кабинеті мен 18 спорт кешені ашылды. Бұл бастамалар 11,5 миллионнан астам отандасымызды, соның ішінде 3,2 миллион баланы қамтып, әлеуметтік салада 2700-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
Өткен 2025 жылдың нәтижелері де ауқымдылығымен ерекшеленеді. Бір жыл ішінде 13,2 миллиард теңгеге 39 жоба іске асырылып, шамамен бір миллион адамға нақты көмек көрсетілді. Ақмола, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының ауылдық елді мекендерінде жаңа спорт кешендері пайдалануға берілсе, Орал мен Қызылорда қалаларында креативті хабтар мен мәдени нысандар ашылды. Сондай-ақ қор «Ainala» оңалту орталықтарының жаңартылған тұжырымдамасын енгізіп, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Шексіз мүмкіндіктер» жазғы лагері мен «Samruk Umiti» кәсіптік бағдар беру жобасын сәтті жалғастырды.
Samruk-Kazyna Trust қорының құрылғанына 10 жыл толатын 2026 жылға да жоспарлар өте ауқымды. Қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғибрат Ауғанов атап өткендей, биылғы жылдың қаңтар айында Ақтөбеде алғашқы инклюзивті спорт орталығы есігін айқара ашты. Алдағы уақытта Жаңаөзен мен Доссорда музей-кітапхана кешендері, сондай-ақ Атырау, Семей, Ұлытау, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе және Алматы облыстарында жаңа спорт кешендері ашылады деп күтілуде. Қор республика бойынша инклюзияны қолдау және оңалту орталықтарының желісін кеңейтуді басты басымдық ретінде сақтап қала береді.