Malim.kz
Қоғам

"Шаңырағымызда тағы бір қаза..." – Асанәлі Әшімовтің жары қайғылы хабарды естіртті (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
коллаж: turkystan.kz

Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова отбасында болған ауыр қайғыны жария етті, деп хабарлайды Malim.kz.

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм Сағидың жары, екі немеренің анасы Селимханның өмірден өткенін мәлімдеді.

"Асылымнан айырылып отырғанда, көз жасымызды азайта алмай, жүрегіміз жадап отырғанда тағы бір қайғы шаңырағымызды торлады. Сағидың жары, екі немереміздің анасы Селимхан өмірден озды. Аңсарым мен Майрамның көз жасын сүрту, қайғыда қасында болу, өмір ары қарай жалғасатынын түсіндіру оңай емес. Алла енді жылатпасын... Селимхан келініміздің жатқан жері жұмақтың төрі болсын", – деп жазды Бағдат Әшімова.

Еске салайық, Асанәлі Әшімов 2025 жылдың 21 желтоқсанында 88 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі атанған өнер тарланы ұлттық театр мен кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты.

1937 жылдың 8 мамырында Жамбыл облысында дүниеге келген сахна саңлағы шығармашылық жолын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында бастады. Ол тек актер ретінде ғана емес, режиссер, сценарист әрі ұлағатты ұстаз ретінде де халық жадында қалды.

Асанәлі Әшімов "Атаманның ақыры", "Транссібір экспресі" секілді көрнекті кинотуындылардағы жарқын әрі есте қаларлық рөлдері арқылы қазақ киносының алтын қорынан берік орын алды. Оның дара тұлғасы мен бай шығармашылық мұрасы ұлттық мәдениет тарихында мәңгі сақталатыны анық.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары