Әнші Саят Медеуов мектеп кезіндегі бір оқиға оның кейінгі өміріне әсер еткенін айтып, бала күнгі естелігін бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесінің сөзінше, 8-сыныптан кейін ауылдан кетуге шешім қабылдауына сынып жетекшісінің әрекеті түрткі болған. Мұғалімі оны екі рет, соның ішінде бір жолы бүкіл мектептің алдында шапалақпен ұрған.
"Мектепте Күлипа деген апайымыз болды. Сол кісі бүкіл мектептің алдында бір шапалақпен ұрғаны бар. Сыныптың алдында бір ұрды. Сосын линейкада, бүкіл мектептің алдында бір ұрды. Ол кісі менің сынып жетекшім болатын. Сол намысыма тиіп кетті. Содан соң оқымаймын, 8-сыныптан соң қалай да кетемін деп ауылдан кетіп қалдым. Қазір бір жағынан сол Күлипа апайға рахмет айтамын. Әпкеміздің шапалағын жеймін деп қазір қалада шоколад жеп жүрмін. Егер ол кісі болмаса кім біледі менің тағдыр жолым басқа жаққа, басқа арнаға бұрылар ма еді. Басқа жолға түсіп кете ер ме едім", – дейді әнші.
Саят Медеуов алғашқы жағдайдың сабақ үстінде болғанын да айтып берді. Оның сөзінше, алдыңғы партада отырып, артындағы балаларға бұрылып күлген сәтте мұғалімі кіріп келген.
"Алғашқы қоңырау ғой. Ең алдыңғы партада отыратынмын. Бойым да "ұзын" ғой. Апайдың келгенін көрген жоқпын. Балалар арт жақта бірдеңе айтып тұрған соң артыма қарап күліп тұрғанмын. Сол кезде сынып жетекшіміз келіп қалыпты. Бәрі тынышталып қалды. Мен алдыма қарап едім, ол кісі "Неге ыржиып тұрсың?" деп шапалақпен тартып жіберді. Сол дұрыс болған деп ойлаймын. Шапалақ керек болды", – деді ол.
Әнші екінші рет мектептегі сапта тұрған кезде жазаланғанын жеткізді. Артында тұрған оқушы итеріп жіберіп, ол саптан бір қадам шығып кеткен кезде мұғалімі байқап қалған.
"Екіншісінде линейкада сапта тұрғанымда артымда тұрған бала итеріп жіберді. Бір аттап қайта артқа кіріп үлгермей қалдым. Ана кісі көріп қалды. Сол кезде де бүкіл мектептің алдында екінші рет ұрды. Мектепте бұзық болмадым, себебі біз ол кезде мұғалімдерден қатты қорқатынбыз. Қазір тиіп кетсе "Менің балама неге тиесің?" деп шығамыз ғой. Бірақ ол кезде біз мұғалімнің таяғын жедік. Одан жаман болғанымыз жоқ", – дейді Саят Медеуов.
Өнер иесі бүгінде сол оқиғаларды өкінішпен емес, өмір жолына ықпал еткен кезең ретінде қабылдайтынын айтты.
Еске сала кетейік, Саят Медеуов ата-анасының өмірден өтуі туралы алғаш рет ашық әңгімелеп, сол кезеңдегі ауыр сезімдерін бөліскен.
Саят Медеуов кім?
Саят Медеуов – қазақстандық эстрада және дәстүрлі ән өнерінің белгілі өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1973 жылғы 7 қарашада Жамбыл облысы Қордай ауданының Кенен ауылында дүниеге келген. Әншінің әкесі Қабыл еңбек ардагері болса, анасының есімі – Нұрғайша.
Саят Медеуов Алматыдағы №14 техникалық кәсіптік училищеде білім алған. Кейін 2001-2005 жылдары Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінде "эстрада-вокал" мамандығы бойынша оқыған. Ол кәсіби шығармашылық жолын 1998 жылдан бастап, көпшілікке қоңыр дауысы және дәстүрлі әндерді орындау мәнерімен таныла бастады.
Саят Медеуовтің репертуарында "Бозторғай", "Сен көріктісің", "Алтыным", "Қайран жастық", "Самал тау", "Туған жер", "Өзіңді аңсап", "Ауылым" секілді әндер бар. Әсіресе Кенен Әзірбаевтың "Бозторғай" әнін орындауы оның өнердегі танымалдығын арттырған жұмыстардың бірі саналады.
2015 жылы Саят Медеуовке "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді. Бүгінде ол қазақ эстрадасында халық және дәстүрлі әндерді насихаттап жүрген танымал орындаушылардың бірі.