Malim.kz
Қоғам

Сәрсемалиевке қатысты үкім заңды күшіне енді

Алуа Әшірбекова
Фото: tengrinews.kz

Атырау облысында төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Сотталған азамат пен оның адвокаты апелляциялық шағым түсірмеген, деп хабарлайды Malim.kz

Qaz365.media мәліметінше, енді Сәрсемалиев жазасын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің тиісті мекемесіне жіберілуі тиіс. Алайда сот процесі аяқталғаннан кейін іс бойынша Kaspi Bank тарапынан бір шағым түскен. Ол Сәрсемалиевке шығарылған үкімге емес, соттың банкке қатысты жеке қаулысына байланысты.

Іс материалдарына сәйкес, Сәрсемалиев 2025 жылдың мамырында Атырауда жалға алынған үйде Наурыз Мұқанғалиевті өлтіріп, оның денесін жасырған. Сол жылдың қарашасында тағы үш адам – жұбайының ата-анасы Мақсот Қарабалин мен Насип Өтеушқалиева, сондай-ақ Мейрамгүл Қарабалина қаза тапқан.

Сот барысында айыпталушы мен мемлекеттік айыптаушы болған жағдайды отбасылық жанжалмен байланыстырған. Сараптама Сәрсемалиевті есі дұрыс деп таныды. Сот оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен қатар тергеу барысында Сәрсемалиевтің Наурыз Мұқанғалиев қайтыс болғаннан кейін оның атынан банк қосымшасы арқылы тауарлық несиелер рәсімдегені анықталған. Іс материалдары бойынша, 2025 жылғы 14 мамыр мен 21 маусым аралығында жалпы сомасы 4 048 570 теңгеге несие алынған. Кейін қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Алаяқтық фактісі анықталғаннан кейін банк берешекті есептен шығарған. Сот клиенттің тікелей қатысуынсыз несие рәсімдеуге мүмкіндік берген жағдайларға назар аударып, банкке тауарлық несие беру тәртібін қайта қарауды және клиентті сәйкестендірудің қосымша тәсілдерін, соның ішінде бейнерастауды енгізуді ұсынған жеке қаулы шығарды.

Kaspi Bank бұл жеке қаулымен келіспей, оған шағым түсірген. Банк аталған эпизод бойынша өзін жәбірленуші тарап деп есептемейді. Енді банктің шағымы бөлек қаралады.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары