Malim.kz
Қоғам

"Шашы жоқ, қан-жоса болып шықты": Куәгерлер Щучинсктегі жойқын жарылыс қалай болғанын айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
stan.kz

Щучинск қаласындағы дәмханада болған жойқын жарылысқа куә болған тұрғындар сол күнгі қорқынышты сәттерді айтып берді. Оқиға салдарынан көптеген адам күйік алып, зардап шеккен, деп хабарлайды Malim.kz.

Жарылыс кезінде сол маңда болған Әлібек Belles.kz порталына берген сұхбатында бәрі көзді ашып-жұмғанша болғанын жеткізді. Оның айтуынша, алдымен қатты дыбыс естіліп, артынан бірден өрт тұтанған.

"Жарылыс өте қатты болды, айналадағы әйнектер сықырлап кетті. Біз сыртқа шыққанда ғимарат жанып жатты. Барлығы бір сәтте болды – бір секундтың ішінде өрт бүкіл залға тарады. Адамдар жанталаса қашты, көбісі күйік алды. Аспаздар мен қызметкерлер қарға аунап, отты өшіруге тырысты. Өтіп бара жатқан адамдар да көмектесуге жүгірді. Мен де жүгіріп бардым, сол жерде әпкемді көрдім. Оны сыртқа шығарып жатқан еді. Денесі қатты күйіп қалған. Кейбір адамдардың үсті-басы қан, шашы күйіп кеткен. Көпшілігі күртесін тастап, жалаңаяқ қашып шықты", – дейді куәгер.

Әлібектің айтуынша, ол осы жарылыста досынан айырылған. Ал әпкесінің денесінің 80 пайызы күйік шалып, Көкшетаудағы ауруханаға жеткізілген. Сондай-ақ ол жарылыс толқынының әсерінен дәмхана маңынан өтіп бара жатқан адамдардың құлағанын да айтты.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің соңғы мәліметінше, жарылыс кезінде 10 адам құтқарылған. Жалпы 28 адам зардап шеккен, олардың 13-і ауруханаға жатқызылған. 8 адамға медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілген. 7 адамның қаза тапқаны белгілі болды.

Алдын ала дерек бойынша, көз жұмғандардың алтауы дәмхана қызметкерлері. 16 жастағы қыздың қаза тапқаны жөніндегі ақпарат нақтыланып жатыр. Әзірге оның мекемеде жұмыс істегені немесе анасының қасында болғаны тексерілуде. Облыс әкімдігінің мәліметінше, қыздың анасы тірі.

Еске салайық, 26 ақпан күні Ақмола облысы Щучинск қаласындағы "Центр плова" дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, арты ірі өртке ұласқан. Өрт сөндірушілер ғимарат ішінен 8 газ баллонын алып шыққан.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары