Malim.kz
Әлем

Сасық елдің жұртын көргім келмейді. Трамп Сомалиді тілдеуден аянып қалмады

Ереке Базарқұл
© NBC News

АҚШ президенті Дональд Трамп Сомали азаматтарының АҚШ-қа келуіне қарсы екенін мәлімдеді. Бұл туралы Euronews хабарлайды.

Бұған дейін Трамп АҚШ-тағы ең ірі сомалилер қауымдастығы тұратын Миннесота штатында – «ақша жымқыруға қатысты алаяқтық әрекеттердің орталығы» бар екенін айтқан болатын.

АҚШ әкімшілігі Еуропадан тыс 19 мемлекеттен келген иммигранттардың барлық өтінішін қарауды тоқтатты. Ондай елдердің қатарында Ауғанстан мен Сомали де бар. Сонымен қатар, бұған дейін берілген рұқсаттардың барлығына тексеріс жүргізіледі.

АҚШ Азаматтық және иммиграция қызметінің меморандумында шешімнің себептерінің бірі ретінде – жуырда Вашингтонда ауған азаматының Ұлттық гвардия сарбаздарына жасаған шабуылы аталған.

Трамптың даулы мәлімдемесі

Сейсенбі күні Трамп Сомали азаматтарының АҚШ-қа келуін қаламайтынын ашық айтты:

«Мен сомалилерді елімізде көргім келмейді, шынымды айтайын. Кейбіреулер мұнымды саяси тұрғыда даулы мәлімдеме дер. Маған бәрібір. Олар ел емес. Сасық біреулер. Біз оларды мұнда жүргенін қаламаймыз. Мұны басқа елдерге де қатысты айта аламын», — 
деді ол.

Сомалилерді ұстау жөнінде нұсқау берілді

Иммиграциялық және кедендік полицияға Миннеаполис пен Сент-Пол қалаларында заңсыз жүрген сомалилерді ұстау туралы тапсырма берілген.

Қыркүйекте жүргізілген арнайы операция барысында осы қалалардағы иммигранттардың жартысына жуығының қандай да бір иммиграциялық заң бұзуға қатысы бары анықталған. Миннеаполисте шамамен 80 мың сомали тұрады.

Трамп сомалилерді «өз елдеріне барып, жағдайды түзеуге» шақырды және Миннесотадан сайланған конгрессвумен, Сомалиден шыққан Ильхан Омарды тағы сынады.

Ильхан Омар әлеуметтік желіде бұл туралы:

«Трамп ізімнен қалмай қойды. Шамасы, оған емделу керек»,

— деп жазды.

Миннеаполис мэрі Трамппен келіспейді

Миннеаполис мэрі Джейкоб Фрей Трамптың сөзін «жаңсақ пікір» деп атап, сомалилердің қала дамуына үлкен үлес қосып отырғанын айтты.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары