Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты белгілі спортшы Шавкат Рахмоновтың әйеліне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Malim.kz.
1bol.kz-тің жазуынша, сот абайсызда 2 адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегі бойынша қылмыстық істі қараған (ҚК 345-бабының 4-бөлігі).
Прокурор айыпталушыға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Сонымен қатар, көлік жүргізу құқығынан айыру да ұсынылды.
Сот үкімі бойынша айыпталушы кінәлі деп танылып, оған 5 жылға бас бостандығынан айыру және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда жазаны өтеу 5 жылға кейінге шегерілді.
Сондай-ақ, сотталушы өз кінәсін мойындамады.
Сот әйелдің 2 жастан 9 жасқа дейінгі 4 баласы бар екенін ескерді, оның жазасын ауырлататын басқа мән-жайлар анықталмады.
«Сот үкімімен Р. ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған 7 жыл мерзімге автокөлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК 74-бабының 1-бөлігінің негізінде жазаны орындау 5 жылға кейінге қалдырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деп жазылған хабарламада.