Malim.kz
Қоғам

Семейде 9 жылдан бері жоғалған сәби әлі табылмаған

Алуа Әшірбекова
Фото: видеодан скриншот

Семейде тоғыз жыл бұрын жоғалып кеткен бір жарым жасар сәби әлі күнге дейін табылған жоқ. Кішкентай Айшаның туыстары істі қайта тергеп, анасының әрекетіне құқықтық баға беруді талап етіп отыр. Олардың сөзінше, 2016 жылы күдікке ілінген әйел туған қызын өзенге ағызып жібергенін айтқан. Алайда Ертіс жағалауын түгелге жуық шарлаған жақындары сәбидің денесін таппаған. Сондықтан олар Айшаның тірі немесе қаза болғанын әлі күнге дейін білмейді, деп хабарлайды Malim.kz.

Әкесінің туыстары Айшаны тоғыз жылдан бері іздеп келеді. Олардың айтуынша, отбасылық жанжалдан кейін келіндері бір жарым жастағы қызын алып кетіп, түн ішінде Ертіс өзеніне ағызып жібергенін айтқан. Кейін ол ұйықтап жатқан күйеуін оятып, не істегенін өзі мойындаған көрінеді.

“Бауырымды оятып, баланы Ертіске ағызып жібергенін айтқан. Содан кейін бауырым өзенге барып, баланы іздеді. Бірақ тапқаны тек күртешесі болды. Біз баланы сатып жіберді ме, туыстарына немесе басқа біреуге беріп жіберді ме деп те ойлаймыз”, - деді Айшаның әпкесі Зарина Серікболсын.

“Қандай жағдай болса да, әркім өз ісіне жауап беруі керек. Адамдардың да, туыстарының да алдында кешірім сұрап, шындықты мойында дедім. Бірақ ол баланың қайда екенін айтпай, бәрін сұрақ күйінде қалдырып отыр”, – деді Мақпал Маткасимова.

Жалғыз қызын таба алмаған әкесі ауыр күйзеліске түсіп, кейін өмірден өткен. Ал кішкентай Айшаның анасы бүгінде басқа отбасын құрған. Туыстары кезінде күдікке ілінген 36 жастағы әйелдің әлі күнге дейін бостандықта жүргеніне наразы.

“Келін баланың қайда екенін, шындықты айтпай отыр. Содан бері тоғыз жыл өтті, балам да бұл дүниеден өтіп кетті. Енді немеремнің аруағы түсіме кіріп, «бұл жақта жоқпын, басқа жақтан іздеңдер» дегендей болады. Немеремнің аруағы разы болсын деп, тоғыз жылдан кейін істі қайта қозғауға кірістік”, – деді Айшаның атасы Нұрлан Серікболсын.

Атасы немересінің тірі болуы мүмкін деген үмітін үзбеген. Сондықтан ол істің жан-жақты қайта тергеліп, кінәлі адам болса, заң алдында жауапқа тартылғанын қалайды.

Полиция мәліметінше, Айшаның анасы бұған дейін іс бойынша куәгер ретінде жауап берген. Қылмыстық құрам анықталмағандықтан, тергеу тоқтатылып, материалдар мұрағатқа жіберілген. Алайда туыстарының қайта жүгінуінен кейін тоғыз жыл бұрынғы іс қайта қарала бастаған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары