Malim.kz
Қоғам

Семейлік әйел блогер Алексей Лодочниковтың үстінен арыз жазған

Айбын Атабай
Фото: ашық дереккөз

Қазақстандық блогер Алексей Лодочников Instagram желісінде жариялаған видеосына байланысты өзіне полицияға арыз жазылғанын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Блогердің айтуынша, оған көмекшісі хабарласып, Семей қаласының полиция инспекторы арыз түскені туралы ескерткен. Қажетті құжаттарды алғаннан кейін Лодочников арыздың мазмұнымен танысқан. Оның сөзінше, арызды Семей қаласының тұрғыны Людмила есімді әйел жазған. Блогердің айтуынша, шағымға оның әйел сатушыдан өзімен орыс тілінде сөйлесуді талап еткен жағдайға арналған видеосы себеп болған.

Лодочниковтың мәліметінше, арызданушы бұл видеоны қорлау және қауіп төндіру сипатында деп бағалаған. Сондай-ақ ол бұған дейін жарияланымды өшіруді сұрағанын, алайда видео жойылмағанын көрсеткен. Блогер өзіне жеке хабарлама арқылы мұндай өтініш келмегенін айтты. Оның сөзінше, жарияланымның астында шамамен үш мыңға жуық пікір жазылған. Лодочников учаскелік полиция қызметкерімен байланысқанын да жеткізді. Оның айтуынша, полицей жарияланған видеодан заң бұзушылық белгілері анықталмағанын айтқан.

Дегенмен арыз заң талаптарына сәйкес қаралуы тиіс. Блогер құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық жасауға дайын екенін мәлімдеп, видеоны өшірмейтінін айтты. Сонымен қатар ол оқырмандарынан арыз жазған әйелді балағаттамауды сұрады. Керісінше, оған пікірлерде жақсы сөздер жазуға шақырды.

«Меніңше, әр адам өзіне көбірек көңіл бөліп, дамуға, жаңа нәрсе үйренуге және энергиясын пайдалы іске бағыттауға тырысса, өмір әлдеқайда жеңіл әрі тыныш болар еді. Адамдар дамыңдар, үйреніңдер, өздеріңмен жұмыс істеңдер. Бұл әлемді тек жақсартады», – деп жазды блогер.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары