Malim.kz
Денсаулық

Шемонаиханың денсаулық сақтау саласын кешенді өзгерістер күтіп тұр

Ереке Базарқұл
ФОТО: ©ШҚО әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың Шемонаиха ауданына жұмыс сапары биылға дейін атқарылған жұмыстарды қорытындылап,  ауданның 2029 жылға дейін дамуын айқындайтын жаңа жобаларды жариялауға себеп болды.

Ауданда жаңа дәрігерлік амбулатория мен Шемонаиха орталық аудандық ауруханасы жанынан жұқпалы аурулар бөлімшесінің салынатыны аудан тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болды.
Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, жоба қазір әзірлену үстінде.  KAZ Minerals компаниясы инфекциялық бөлім мен дәрігерлік амбулаторияға арналған жеке ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап жатыр. Құрылысты келесі жылы бастау жоспарланған.

Аудандық аурухананың негізгі ғимаратын қайта жаңғыртуға арналған құжаттама да дайын. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шыққаннан кейін, жобаны қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылады.

Айта кету керек, жалпы алғанда, ауданның денсаулық сақтау жүйесінде елеулі өзгерістер жүріп жатыр. Волчанка ауылында «Ауылдық денсаулық сақтауды модернизациялау» ұлттық жобасы аясында жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталуға жақын. Аудандағы медициналық ұйымдардың жабдықталуы 89,3%-ға жетіп, бұл - соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды.

Аурушаңдық көрсеткіштері де оң динамика көрсетуде: Шемонаиха ауданында онкологиялық сырқаттар саны 12,8%-ға, қант диабеті бойынша тіркелушілер саны 33,2%-ға төмендеген. Биыл ауданда ана мен бала өлімі тіркелмегені ерекше қуанышты жағдай болып отыр.
Құрылыс мәселесіне тоқталсақ, биыл аудан «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында көпбалалы және әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға арналған 11 үй (22 пәтер) алады. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Сондай-ақ, Сугатовка ауылында ҚР ТЖМ-нің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында салынған жаңа өрт сөндіру бекетінің құрылысы аяқталды. Нысан ашылуға дайын. Бекетке КамАЗ өрт сөндіру көлігі берілді. Ол ауылдық жерде қиын жағдайларда да жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Өрт бекетінің ашылуы Сугатовка, Горкуново және Кенюхово ауылдары үшін өрт сөндіру қызметінің жету уақытын айтарлықтай қысқартады. Бұл елді мекендерде 880-нен астам тұрғын бар.

Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, ауылдық округтерде өрт қауіпсіздігін күшейту – негізгі басымдықтардың бірі. Ауданда қазір үш мемлекеттік өрт бөлімі және жеті өрт бекеті жұмыс істейді, олардың екеуі – Камышинка мен Октябрьское ауылдарында – биыл ашылған. Сугатовкадағы нысанның бой көтеруіне ауылдағы әлеуметтік бастамаларды қолдап жүрген «Заря» шаруа қожалығы үлкен үлес қосты.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары