Malim.kz
Қоғам

Сенат депутаты Амангелді Нұғманов: Зейнетке жасқа қарап емес, тәжірибеге қарап шығарайық

Айбын Атабай
pixabay.com

Қазақстанда зейнетақы жүйесін жаңарту мәселесі көтерілді. Сенатор Амангелді Нұғманов зейнетке шығу тәртібін жасқа емес, еңбек өтіліне негіздеу қажет екенін ұсынды. Тиісті депутаттық сауалды ол премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады, деп хабарлайды Malim.kz. 

Депутаттың пікірінше, қазіргі жүйе еңбек нарығындағы өзгерістер мен азаматтардың нақты еңбекке қабілеттілігін толық ескермейді. Сондықтан зейнетақы моделі икемді болып, жаспен қатар еңбек өтілі мен денсаулық жағдайын да қамтуы тиіс. 

«Зейнетақыны тек жасқа қарап емес, еңбек өтіліне негізделген жүйеге кезең-кезеңімен көшіруді қарастыру орынды», - делінген сауалда.

Ұсыныстардың бастысы - азаматтарға белгілі бір еңбек өтіліне жеткен соң зейнетке өз еркімен шығу мүмкіндігін беру. Сонымен қатар, денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайтын, бірақ мүгедектік рәсімделмеген адамдарға да ерте зейнетке шығу құқығын енгізу ұсынылды.

Сенатор медициналық көрсеткіштер арқылы зейнетке шығу нормасын заңмен бекітуді және еңбекке қабілеті қалпына келген жағдайда қайта жұмыс істеу мүмкіндігін қамтамасыз етуді де атап өтті.

Бұл өзгерістер зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын арттырып, бюджетке түсетін жүктемені азайтады деп күтілуде. Қазіргі таңда ұсыныстарды талқылау үшін арнайы жұмыс тобын құру жоспарланып отыр.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары