Атырауда із-түзсіз жоғалып кеткен отбасыға қатысты жағдайға байланысты марқұмдардың туыстары елге арнайы үндеу жасады. Олар жұртшылықты әлеуметтік желілерде тараған күмәнді әрі шындыққа жанаспайтын ақпараттарға сенбеуге шақырды, деп Malim.kz тілшісі Arasha.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Марқұм Мақсот Қарабалиннің інісі Шалқар Мұқанғалиев әлеуметтік желідегі жеке парақшасында бейнеүндеу жариялаған. Ол соңғы күндері интернет кеңістігінде тараған жалған мәліметтерге алаңдаушылық білдірді.
"Ассалаумағалейкүм, Қазақ елі! Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Жангельдин ауылында болып жатқан жағдайды естіген шығарсыздар. Қайғыға ортақтасып, көңіл білдіріп жатқан жандарға Алла разы болсын! Мен марқұм Мақсот Қарабалин деген кісінің інісі боламын. Өкінішке қарай, бір келеңсіз жағдайларды естіп жатырмыз. Әлеуметтік желіде "көмек қолын созамын десеңіздер, осындай нөмірге ақша жіберсеңіздер болады" деген секілді ақпараттар тарап жатыр екен. Ол ақпараттың өтірік екенін айту мақсатында сіздерге осындай видео үндеу жолдап жатырмын. Мұндай ақпараттарға сенбеулеріңізді сұраймыз", – деді Шалқар Мұқанғалиев.