Қазақ спортының аңыз тұлғасы, Қазақстанда таэквондо өнерінің дамуына зор үлес қосқан Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік әкесінің туған күніне орай жүрекжарды жазба жариялады. Ол әкесіне деген сағынышын білдіріп, қазақ халқының спортшыны әлі күнге дейін ұмытпағанын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
23 қарашада Мұстафа Өзтүрік көзі тірі болғанда 72 жасқа толар еді. Осыған орай қызы Неслихан әлеуметтік желідегі парақшасында әкесіне арнап әсерлі сөздер жазды. Ол әкесінен тым ерте айырылғанын, алайда оның есімін қазақ халқының жүрегінен қайта тапқанын жеткізді.
"Бүгін менің сүйікті әкем Мұстафа Өзтүрік 72 жасқа толар еді. Біз сенен тым ерте айырылдық. Бірақ мен сені өз халқыңның жүрегінен қайта таптым. Адамдар сен туралы айтқанда, олардың көздері қалай жарқырайтынын көрсең ғой деп қатты армандаймын…" – деп жазды Неслихан Өзтүрік.
Спортшының қызы жазбасында қазақ халқының әкесіне деген құрметі өзі үшін ерекше маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, әкесінің есімі мен еңбегі халық жадында сақталып келеді.
"Әке, халқың сені ұмытқан жоқ. Қазақ барда, сен де барсың! Мені өз тамырыммен қайта қауыштырғаның үшін рақмет. Саған лайықты қызбын деп үміттенемін", – деді ол.
Неслихан әкесін бір күн де ұмытпайтынын айтып, оған деген сағынышын жеткізді.
"Сені ойламай өткен бірде-бір күнім жоқ. Алла саған жұмақтың ең жоғары дәрежесін нәсіп етсін. Туған күнің құтты болсын, әке! Мәңгілік махаббатпен, сенің қызың", – деп аяқтады жазбасын Мұстафа Өзтүріктің қызы.
Еске сала кетейік, Неслихан Өзтүрік әкесі туралы кітап жазып жатқанын хабарлаған еді.
Мұстафа Өзтүрік кім?
Мұстафа Өзтүрік – қазақ спортының тарихында өшпес із қалдырған әйгілі таэквондо шебері, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы және Қазақстанда осы спорт түрінің дамуына зор үлес қосқан тұлға. Шын есімі – Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахман. Ол 1954 жылы 23 қарашада Түркияның Қайсери өңірінде қазақ отбасында дүниеге келген.
Мұстафа Өзтүріктің ата-бабалары тарихи оқиғаларға байланысты туған жерінен жыраққа қоныс аударған қазақтардың қатарында болған. Ол шетелде өссе де, қазақ халқының мәдениеті мен ұлттық құндылықтарына ерекше құрметпен қараған.
Болашақ спортшы Ыстанбұлда білім алып, кейін Тайваньдағы жоғары оқу орнында халықаралық журналистика мамандығын меңгерген. Дәл осы кезеңде ол шығыс жекпе-жек өнеріне қызығушылық танытып, таэквондомен кәсіби түрде айналыса бастаған.
Жаттығулар мен үздіксіз ізденістің нәтижесінде Мұстафа Өзтүрік халықаралық деңгейде танымал спорт шеберіне айналды. Өмірбаяндық деректерде оның таэквондодан алты мәрте әлем чемпионы атанғаны айтылады. Сондай-ақ ол қара белбеудің алтыншы дан дәрежесіне ие болған.
Мұстафа Өзтүрік спортшы ретінде ғана емес, жаттықтырушы ретінде де үлкен еңбек сіңірді. Ол Германияның Мюнхен, Кельн қалаларында және Түркияның Ыстанбұл қаласында таэквондо мектептерін ашып, көптеген шәкірт тәрбиеледі.
Қазақстанда таэквондоның дамуына жол ашты
1990 жылы Мұстафа Өзтүрік алғаш рет тарихи отаны Қазақстанға келді. Бұл сапар оның өміріндегі маңызды кезеңдердің біріне айналды.
Кейін Алматыда таэквондо мектебін ашып, қазақстандық жастарға жекпе-жек өнерінің қыр-сырын үйрете бастады. Оның бастамалары елімізде таэквондоның ұйымдасқан түрде дамуына ықпал етті.
Мұстафа Өзтүрік жас спортшыларға тек жекпе-жек тәсілдерін үйретумен шектелмей, тәртіпті, табандылықты және Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптеді.
Ол шетелде жүріп жинаған тәжірибесін Қазақстандағы спортшылармен бөлісіп, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті шәкірттер тәрбиелеуге күш салды.
Мұстафа Өзтүрік қалай қайтыс болды?
Мұстафа Өзтүрік 1995 жылы 15 наурызда Алматы қаласында 40 жасында дүниеден өтті.
Оның мезгілсіз қазасы қазақ спортындағы үлкен жоғалту ретінде қабылданды. Спортшының денесі Түркияның Ыстанбұл қаласына жеткізіліп, әкесі жерленген зиратқа қойылды.
Бүгінде Мұстафа Өзтүріктің есімі Қазақстанда ерекше құрметпен аталады. Алматыда оның атына көше беріліп, құрметіне ескерткіштер орнатылған.
Қысқа ғұмырында қазақ спортының дамуына айрықша үлес қосқан Мұстафа Өзтүріктің өмір жолы мен еңбегі кейінгі буын спортшыларына үлгі болып келеді.