Malim.kz
Қоғам

Шенеуніктер су тасқынына бөлінген 300 млн теңгені жымқырған

Арман Қайыпхан
Фото: Ақорда

Ақмола облыстық соты су тасқыны аймағындағы үйлердің құрылысына бөлінген 300 млн теңгені жымқырған үш шенеуніктің үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Malim.kz.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, 07.11.2025 жылы Ақмола облыстық сотының апелляциялық алқасы 300 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін Атбасар ауданының әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімінің басшысы С.Т. Қаранағаев, «Престиж Строй 7» және «Фундаменталь» ЖШС-нің басшылары Р.О.Орлов пен А.Ж.Серикбаевқа қатысты соттың айыптау үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Естеріңізге сала кетейік, аталған қаражаттар 2021 жылы Үкімет резервінен Атбасар ауданында су тасқыны аймағында тұратын 200 жанұяны көшіру үшін 100 пәтерлі екі үйді салуға бөлінген.

Іс Ақмола облысы арнайы прокурорларымен тергелген болатын.

«Ұрлықты ұйымдастырушы А.Ж. Серікбаев ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі 2)-ші тармағы (талан-таражға салу) бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Мердігер ұйымның директоры Орлов Р.О. ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі 2) тармағы, 218-бабының 3-бөлігі 3) тармағы (талан-таражға салу және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, мүлкі тәркіленіп, барлық меншік нысанындағы ұйымдарда материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Атбасар аудандық құрылыс бөлімінің бастығы С.Т.Қаранағаев ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы  бойынша мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл 6 айға нақты бас бостандығынан айырылды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Айта кету керек, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдар, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға жатпайды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары