Лондон Олимпиадасының чемпионы, қазақтың даңқты боксшысы Серік Сәпиев қасиетті Меккеге барды. Спортшы мұсылман қауымына ақ тілегін жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.
Олимпиада чемпионы әлеуметтік желідегі парақшасында қасиетті мекеннен жазба жариялап, көпшілікпен бөлісті. Ол барша мұсылманға Меккеге табан тіреп, қасиетті мекенді өз көзімен көруді тіледі.
“Ассалаумағалейкум, мұсылман бауырлар! Баршаңызға осында келуді нәсіп етсін”, – деп жазды боксшы.
Дегенмен спортшы Меккеге қандай мақсатпен барғанын және сапарының мән-жайын ашып айтпады.
Серік Сәпиев кім?
Серік Жұманғалиұлы Сәпиев – қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.
1983 жылы 16 қарашада Қарағанды облысының Абай қаласында дүниеге келген. Жасөспірім кезінде Әлия Молдағұлова атындағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта білім алған.
2005 және 2007 жылдары әлем чемпионы, 2007 және 2009 жылдары Азия чемпионы атанды. 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды.
2012 жылы Лондон Олимпиадасында 69 келіге дейінгі салмақта топ жарып, Қазақстан қоржынына алтын жүлде салды. Сонымен қатар Олимпиаданың үздік боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогын иеленді. Ол Василий Жиров пен Бақтияр Артаевтан кейін аталған марапатқа ие болған үшінші қазақстандық боксшы.
Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін қоғамдық және мемлекеттік қызметке араласты. Ұлыбританияның Брунель университетінде спорттық менеджмент бойынша білім алды.
Әр жылдары "Astana Arlans" бокс клубының бас директоры, Парламент Мәжілісінің депутаты, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.
Серік Сәпиев – ЮНЕСКО-ның ізгі ниет елшісі, "Отан" және "Парасат" ордендерінің иегері.