Malim.kz
Әлем

Сеулдегі құрылыс алаңында қазақстандық жұмысшы қаза тапты

• Мадияр Қапанбек
Құрылыс. Көрнекі фото: pixabay.com

Оңтүстік Корея астанасы Сеулде құрылыс нысанында жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматы қайғылы жағдайда көз жұмды. Ақпаратты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды Malim.kz.

Yonhap агенттігінің мәліметінше, оқиға Сеулдің оңтүстігіндегі көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан нысанда болған. Ғимараттың 23-қабатында бетон төбенің бір бөлігі опырылып, 30 жас шамасындағы қазақстандық жұмысшының үстіне құлаған.

Алдын ала дерек бойынша, ер адам сол сәтте пәтерлердің бірінде тазалық жұмыстарының басталуын күтіп тұрған.

Қайғылы жағдайдан кейін Оңтүстік Кореяның Еңбек министрлігі құрылыс алаңындағы жұмыстарды дереу тоқтатты. Полиция және құрылыс қауіпсіздігіне жауапты органдармен бірлесіп тергеу басталған.

Қазір мамандар апаттың нақты себептерін анықтап, құрылыс компаниясы еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзды ма, жоқ па – соны тексеріп жатыр.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де отандасымыздың қаза тапқанын растады.

«Сыртқы істер министрлігі Сеулдегі құрылыс алаңында болған жазатайым оқиға салдарынан Қазақстан Республикасы азаматының қаза тапқанын растайды.

Корея Республикасының құзырлы органдары оқиғаға қатысты тергеуді бастады. Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр», – делінген ведомство хабарламасында.

Тергеу қорытындысы бойынша оқиғаның барлық мән-жайы нақтыланбақ.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары