Malim.kz
Оқиға

Щучинскідегі дәмханадағы жарылыстан зардап шеккен екі адам көз жұмды

Айбын Атабай
видеодан скриншот

Щучинск қаласындағы «Центр плова» дәмханасында болған жарылыстан зардап шеккен тағы екі адам жансақтау бөлімінде көз жұмды. Осылайша қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандар саны тоғыз адамға жетті, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп. 

Зардап шеккендердің қайтыс болғаны туралы Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.

«Өкінішпен хабарлаймыз, Щучинскідегі стационарда жатқан ең ауыр хәлдегі екі науқас, оларды құтқару үшін жасалған барлық шараларға қарамастан, қайтыс болды. Қазіргі таңда құрбандар саны тоғыз адамды құрады», – делінген басқарманың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Бұған дейін Щучинскідегі жарылыстан 28 адам зардап шеккені, 7 адамның қаза тапқаны хабарланған еді: бесеуі – оқиға орнында, екеуі – ауруханада көз жұмған, бес адам санитарлық авиация арқылы Астанаға жеткізілген.

«2 наурыздағы жағдай бойынша “Авиценна-Бурабай” стационарында төрт науқас қалды, тағы төртеуі Ақмола облыстық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Өңір дәрігерлері әр науқастың өмірі үшін бар күш-жігерін салуда. Ол үшін барлық кадрлық әлеует, медициналық техника мен дәрі-дәрмек жұмылдырылған», – деп қосты облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Бұған дейін «Центр плова» дәмханасының иесі ұсталғаны белгілі болды. Прокуратураның мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі («Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу») бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Щучинскідегі дәмханадағы жарылыс

Еске салсақ, 26 ақпан күні кешкі уақытта Щучинск қаласындағы «Центр плова» мекемесінде жарылыс болып, артынша өрт шыққан.

Төтенше жағдай салдарынан жеті адам қаза тапты: бесеуі – оқиға орнында, тағы екеуі – жансақтау бөлімінде. Қаза тапқандардың арасында 16 жастағы қыз болған. Нақтылау бойынша, көз жұмғандардың алтауы дәмхана қызметкерлері болған.

Жарылыс сәті бейнежазбаға түсіп қалған.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары