Ресей президенті Владимир Путиннің Қытайға жасаған екі күндік сапары аяқталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Си Цзиньпин мен Владимир Путин келіссөздер өткізіп, оның қорытындысы бойынша 20 бірлескен құжатқа қол қойды. Елдер Тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы келісімді ұзартты, сондай-ақ көпполярлы әлем қалыптастыру жөніндегі бірлескен декларацияға қол қойды. Бірлескен мәлімдемеде:
Мәскеу мен Бейжің арасындағы қатынастар басқа елдерге қарсы бағытталған блоктық сипатқа ие емес екені айтылды.
Тараптар өзара қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрақты бейбітшілік негізін қалыптастыру мақсатында БҰҰ Жарғысының қағидаттарын толық сақтай отырып, Украина дағдарысының түпкі себептерін толық жою қажет деп санайды.
АҚШ пен Израильдің Таяу Шығысқа жасаған соққылары халықаралық құқықты бұзып, тұрақтылыққа нұқсан келтіретіні айтылды.
Ресей мен Қытай әлемнің бөлшектенуі мен «джунгли заңына» қайта оралу қаупіне назар аударды.
Тараптар АҚШ-тың «Алтын күмбез» жобасы халықаралық қауіпсіздікке теріс әсер ететінін мәлімдеді.
XXI ғасырдағы халықаралық қатынастар жүйесі көпорталықты модельге көшіп жатқаны айтылды.
Ресей-Қытай қатынастары тарихтағы ең жоғары деңгейге жетіп, тұрақты түрде дамып келе жатқаны атап өтілді.
Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қытайдың Ресеймен визасыз режимді 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартатынын хабарлады.