Malim.kz
Қоғам

Шілдедегі Шымкент: Тазалықтан технологияға дейін

Malim Админ
Шымкент қаласының әкімдігі

Шілде айынының соңы да келді: нағыз эко-жүйе және агроөнеркәсіп саласы туралы сөз қозғауға лайық кезең. Біз назарға алып отырған Шымкент қаласында аталған бағыттағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілгені байқалады.

Экологиялық күн тәртібі ендігі жерде тек тазалық пен абаттандыру шараларымен шектелмейді. Ол туралы бастауыш сыныптың оқушысына дейін біліп алды. Бұлай болуы, негізінен, мемлекеттік саясаттың жүйелі жүргізілуінен.

Бүгінде қалдықтың өзін энергияға айналдыру, суармалы жерлерді сумен қамту, ауыл шаруашылығын отынмен қолдау және жер ресурстарын тиімді пайдалану сияқты технологиялық, экономикалық міндеттер өзара тығыз байланысты. Осы тұрғыдан қарағанда, Шымкент шаһарында айтулы жобалар жеткілікті. Солардың арасында ең ірі бастамалардың бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды термиялық өңдеп, электр энергиясын өндіретін заманауи кешен құрылысының басталуы. Шымкент әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жоба тәулігіне шамамен 1000 тонна қалдық өңдеп, 24 МВт·сағатқа дейін электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Инвестиция көлемі - шамамен 54 млрд теңге. Ал құрылыс жұмыстары 2026-2028 жылдары жүргізіледі. Бұл жоба қалдықты жай ғана көму көлемін азайтып қоймай, экологиялық мәселені энергетикалық ресурсқа айналдыруға бағытталған.

Су ресурстары бойынша да нақты жоспарлар бар. «Шымкент сушар» кәсіпорны 2026 жылғы вегетациялық кезеңде 4600 гектардан астам ауыл шаруашылығы жерін сумен қамтамасыз етуді жоспарлаған. Су беру жөніндегі келісімшарттар 520 шаруа қожалығымен, төрт заңды тұлғамен және 4500 жеке қосалқы шаруашылық иесімен жасалған. Кәсіпорын су ысырабына жол бермеуге, арналардың жағдайын бақылауға және суды тиімді бөлуге басымдық беріп отыр.

Агросекторды қолдау бұл айда отын мәселесімен де толықты. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы күзгі дала жұмыстарына қажет дизель отынын жеткізушілерді анықтау үшін 179 тонна көлем бөлінгенін хабарлады. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің тек субсидия мен техникаға ғана емес, жанармайға, логистикаға және ресурстардың уақытында жеткізілуіне де тәуелді екенін көрсетеді.
Шілде айының ерекшелігінің бірі: Ветеринариялық қызметкерлер күні аталып өтеді. Шымкент қаласының әкімдігі осынау айтулы күнді арнайы іс-шарамен атап өтіп, оны эпизоотиялық тұрақтылық, тағам қауіпсіздігі және агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы ветеринарияның рөлімен жарасымды жымдастырды. Яғни, мал шаруашылығының дамуы өнім көлемімен ғана емес, оның қауіпсіздігімен де бағаланады.

Жер қатынастары саласында электронды аукциондар арқылы жер учаскелерін немесе оларды жалға алу құқықтарын ашық сатуға басымдық беріліп келеді. Бұл - жер ресурстарын айналымға енгізіп, оларды тиімді пайдаланудың бір жолы.
Шымкент қаласында қаңтар-шілде қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 34,3 млрд теңгеге жетті. Салыстыра көрсетсек, өткен жылғы сәйкес кезеңнен 4,4 пайызға өсім бар. Түсініктірек айтсақ, Шымкенттегі экологиялық саясат пен агроөнеркәсіпті бөлек қарау барған сайын қиындап барады: су, жер, энергия, қалдық және азық-түлік қауіпсіздігі бір-бірімен тығыз байланысып келеді.

Сөзімізді саралағанда, бұл – «жасыл экономика» ұғымының қала деңгейіндегі нақты көрінісі. Оның нәтижесі ұйымдастырылған сенбілік санына ғана байланысты емес. Негізінен, табиғи ресурстардың қаншалықты тиімді пайдаланылғанына, қалдықтың қанша бөлігі қайта өңделгеніне, ауыл шаруашылығы өндірісінің қаншалықты тұрақты болғанына қарай бағаланады. Бұл тұрғыда мегаполисіміз көп жұртқа үлгі боларлықтай.

Malim Админ
Автордың басқа материалдары