Malim.kz
Қоғам

"Сіз қазақтың жауысыз": Тоқтар Әубәкіров экс-президент Назарбаев туралы ел естімеген шындықты айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Arasha.kz коллажы

Қазақстанға танымал тұңғыш ғарышкер, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен арада болған ашық әңгімені еске алды, деп хабарлайды Malim.kz.

Әубәкіровтің айтуынша, ол кезінде Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейге жалға беру туралы шешімге қарсы болған. Бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын сол кездегі ел басшысына тікелей жеткізгенін айтады.

Ғарышкердің сөзінше, Кремльден қайтып келе жатқан сәтте ол Назарбаевқа енді оның қарамағында жұмыс істемейтінін айтқан. 

"Кремльден шығып, ұшақпен ұшып келе жатқанымызда мен: "Енді қол астыңда жұмыс істемеймін", – дедім. Президент қасына шақырып, "шай ішейік" деді. "Мен сізбен ештеңе ішпеймін, сіз қазақтың жауысыз" дедім. Бірінші айтқаным ұшақтың ішінде болды. Тура осылай айттым. Ал ол маған "сен ештеңе де білмейсің, саясаттан хабарың жоқ, жас баласың" деп жауап берді. "Мені босатыңыз, мен енді жұмысқа бармаймын" деп тағы да айттым. 

Айта кетейік, Байқоңыр – Қызылорда облысы аумағында орналасқан әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы. Оның құрылысы 1955 жылы басталып, 1957 жылы дәл осы жерден адамзат тарихындағы алғашқы жасанды жер серігі ұшырылды. 1961 жылы 12 сәуірде осы айлақтан Юрий Гагарин ғарышқа аттанды.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Байқоңыр еліміздің меншігіне өтті. Алайда 1993 жылы Ресей Федерациясына жалға беріліп, кейін бұл мерзім 2050 жылға дейін ұзартылды. Бүгінде айлақ халықаралық ғарыш бағдарламалары үшін стратегиялық маңызға ие нысан саналады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары