Malim.kz
Қоғам

"Сіз құл емессіз": Нұрлан имам құмар ойынға салынған күйеуі туралы сұраған әйелге жауап берді

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz/ ЖИ арқылы өңделген

Нұрлан имам құмар ойынға әуес күйеуімен қарым-қатынасы қиындаған әйелге кеңес берді. Отау құрғандарына 16 жыл болғанын айтқан тыңдарман ажырасуға қатысты күмәнін жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Қазақ радиосының эфиріне хабарласқан әйел соңғы уақытта жұбайымен арақатынасы нашарлағанын айтты. Өзі екі жылдай сырқаттанып, енді ғана денсаулығын қалпына келтіріп жатқанын жеткізген.

"Жолдасыммен отасқанымызға 16 жыл болды. Бірақ ол кісі құмар ойында. Соңғы уақытта арамыз дұрыс болмай жүр. Мен екі жылдай ауырып, енді ғана басымды көтеріп жатырмын. Құмар ойынға салынған адаммен өмір сүруге бола ма? Ары қарай не істеймін? Ажырасайық десек, өзім білмеймін, Алладан қорқамын", – деді тыңдарман.

Әңгіме барысында әйел жұбайы екеуінің баласы жоқ екенін де айтты.

Нұрлан имам оған денсаулық пен сәби тілеп, құмар ойын отбасының тұрмысына ауыр зардап әкелсе, әйел өз өмірін де ойлауы керегін жеткізді. Ол үйдегі мүлікті сату, жұбайын қарызға батыру секілді жағдайларды мысалға келтірді.

"Егер үйдегінің бәрін сатып, сізді қарызға батырып, құмарлыққа салынған болса, сіз құл емессіз, күң емессіз. Ешкім ешкімнің артынан құл болмайды", – деді имам.

Оның айтуынша, адамның өзгеретініне үміттеніп, құр уәдеге сенумен жылдар өтіп кетуі мүмкін.

"Әне қояды, міне қояды" дегенмен адамның түгелдей бір өмірі өтіп кетіп жатыр. Сондықтан шарт қою керек" – деді ол.

Нұрлан имам жұбайымен ашық сөйлесіп, құмар ойынды тоқтатуға қатысты нақты талап пен мерзім белгілеуді ұсынды. Ол он күн, бір ай немесе үш айды ықтимал мерзім ретінде атады.

Имамның сөзінше, әйел күйеуіне өзінің де тыныш өмір сүргісі келетінін жеткізуі қажет. Егер жұбайының әрекеті оны үздіксіз қарызға батырып, кредиторлар алдындағы қиындыққа әкелсе, мұндай жағдайдан шығуды ойлағаны жөн екенін айтты.

Сонымен қатар Нұрлан имам мәселені шешуге жақын туыстар мен үлкендерді араластыруға кеңес берді.

"Осы арада үлкен кісілерді, ағайынды, ақсақалдарды, туғандарды ортаға салуға кеңес берген болар едім", – деді ол.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары