Malim.kz
Әлем

"Соғысты тоқтатын кез келді... Құжат дайын": Зеленский Украина тарихындағы маңызды қадамды жасады

Мадияр Қапанбек
GAVRIIL GRIGOROVNHAC NGUYEN/POOL/AFP/AFP via Getty Images

Украина президенті Владимир Зеленский Киевтің ұзақмерзімді әрі әділетті бейбітшілікке қол жеткізу жолында нақты қадамдар жасауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында АҚШ пен Ресейдің қатысуымен өтетін үшжақты келіссөздердің алдағы кезеңі қарсаңында жазды. Келіссөздер 4-5 ақпанда Абу-Даби қаласында өтеді. Бұл жөнінде Malim.kz тілшісі УНИАН агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Дүйсенбі, 2 ақпан күні Владимир Зеленский Абу-Дабиге баратын украин делегациясымен үйлестіру кеңесін өткізді. Кеңеске Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров, Президент кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов, оның бірінші орынбасары Сергей Кислица, Бас штаб басшысы Андрей Гнатов, сондай-ақ Президент кеңсесі басшысының кеңесшісі Александр Бевз қатысты.

Мемлекет басшысы алдағы кездесулер барысында талқыланатын негізгі мәселелер айқындалып, делегация алдына нақты міндеттер қойылғанын атап өтті.

"Украина нақты қадамға дайын. Біз әділетті әрі ұзаққа созылатын бейбітшілікке қол жеткізуге болатынына сенеміз. АҚШ-пен қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты екіжақты құжат дайын. Енді қалпына келтіру және экономикалық даму бағытындағы келісімдер бойынша мазмұнды жұмысты жалғастыруды көздеп отырмыз", – деп жазды Зеленский.

Сонымен қатар Украина президенті АҚШ тарапы алдағы уақытта да келіссөздер үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуде батыл ұстанымын сақтайды деген сенім білдірді.

"Өткен жұмаға қараған түні іске қосылған деэскалация шаралары келіссөз процесіне деген және оның ықтимал нәтижесіне қатысты халық сенімін арттыруға ықпал етті. Соғысты аяқтау қажет. Украинаға қолдау көрсетіп отырған әлемдегі барша жандарға алғыс айтамын", – деді ол.

Еске сала кетейік, 4-5 ақпанда Абу-Дабиде Украина, АҚШ және Ресей өкілдерінің қатысуымен үшжақты келіссөздердің кезекті кезеңі өтеді. АҚШ атынан бұл кездесуге президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф қатысады деп күтілуде.

Бұған дейін, 23-24 қаңтар күндері Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен келіссөздерден кейін батыстың жетекші басылымдары Донбасс өңірінің болашағы әлі де шешімін таппағанын жазған. АҚШ тарапы Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін Ресеймен бейбіт келісімге қол қойылғаннан кейін ғана беруге дайын екенін мәлімдеген. Сондай-ақ америкалық тарап Украина Донецк облысындағы Ресей әскерлері күшпен басып ала алмаған аумақтардан өз әскерін шығаруы тиіс деген ұстанымды қолдап отыр.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары