Malim.kz
Қоғам

"Солар-ақ туып береді": Омар Жәлел тоқал алуға қатысты өз ойын айтты

Қайсар Қанат
ашық дереккөзден

Белгілі абайтанушы Омар Жәлелұлы әлеуметтік желіде ер азаматтарды тоқал алмауға шақырып, бұл қадамның отбасылық өмірге әкелетін зардаптары туралы ашық айтты, деп хабарлайды Malim.kz. 

Ол өзінің де кезінде осындай шешім қабылдап, кейін өкінішке бой алдырғанын мойындады.

"Тоқал жайлы әңгіме – былжырақ әңгіме. Менің айналамда тоқал алып оңған адамды көргенім жоқ. Соның бірі – менмін. Біз әдетте нәпсінің қалауын ұрпақ, отан, т.б. биік ұғымдармен көлегейлейміз. Ұрпақ керек болса, бір әйелден де өрбітуге болады. Нәпсіңе ие болсаң, энергияңды сыртқа шашпасаң – ұрпағың көп болады", – деді ғалым.

Оның айтуынша, бұрын тоқал алу – заманның қажеттілігінен туындаған құбылыс болса, бүгінде бұл көбіне нәпсі мен мақтанның көрінісі.

"Үлгісіздіктің көкесін көрсеттік. "Өзім білемін" дедім. Ешкімді тыңдамадым. Айтса, ұқпадым. Біраз адамдарға жел бердім. Әлі күнге дейін біраз жігіттер "Сіздің осы әңгімеңіз ұнайды" дейді. Нәпсілеріне ұнап тұрғанымен шаруасы жоқ. Қызба бастар көргісі келеді. Артын ойлап жатқан ешкім жоқ. Оларға бұл – қызық. Шыжығын ешкім ойлап жатқан жоқ", – деді Омар Жәлел.

Абайтанушы бүгінде тоқал алуды насихаттаған бұрынғы сөздері үшін жауапкершілік сезінетінін айтып, жұрттан сабақ алуға шақырды.

"Өз ащы тәжірибемнен айтып отырмын. Отбасының шырқын бұзбаңдар. Алған жарларыңды қадірлеңдер. Ұрпақ керек болса, солар- ақ туып береді. Бұл сөзді мен айтуға тиіспін. Өйткені көп жігіттер менің сөзіме ерді. Менің сөзім оларға демеу болды. Елдің алдында жүрген соң әр сөзіңе жауап беруің керек. Мен осылай өзімнің қате айтқан сөзіме жауап беріп отырмын", – деді ол.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары