Malim.kz
Қоғам

"Соңғы шылымын тұтатты да, көз жұмды": Елге танымал жобаның тележүргізушісі қайтыс болды (ФОТО, ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден

Белгілі режиссер, тележүргізуші, актер әрі продюсер Александр Олейников 60 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды Malim.kz.

Қаралы хабарды фотограф Геннадий Авраменко Telegram арнасында жариялап, режиссердің дүниеден өткенін мәлімдеді. Ал марқұмның қызы Дарья Олейникова 24 қаңтар күні жеке блогында әкесінің кенеттен қайтыс болғанын айтып, жүрекжарды жазба қалдырды.

"Бүгін әкемнен айырылдым. Қыстың ең суық түнінде. Бұл үнсіздік пен ішке түскен ауыр қайғыны қалай қабылдайтынымды әлі білмеймін. Әкем өте жарқын, ақылды, нәзік әрі ерекше әзілі бар жан еді. Оның өмірі ерекше кездесулерге, оқиғалар мен адамдарға толы болды. Ол әр күнін бір тарихқа айналдыра білетін. Жарқын, шынайы, әдемі ғұмыр кешті. Сол секілді өзіне тән түрде – кенеттен, күтпеген жерден кетті. Сыртқа шығып, темекі тартты да, сол сәтте қайтыс болды", – деп жазды Дарья.

Шығармашылық жолы

Александр Олейников 1965 жылы 21 қазанда Мәскеуде туған. ВГИК пен Мәдениет институтында білім алып, 1985 жылдан бастап теледидар саласында еңбек етті. Ол әйгілі музыкант Дитер Болен үшін музыкалық бейнебаяндар түсірген.

1994-1996 жылдары драматург Виктор Мережкомен бірге "Моё кино" бағдарламасын жүргізді, сондай-ақ "Мои новости" және "Моя звезда" жобаларының жүргізушісі болды. Көпшілік оны 2013 жылы "Вечерний Ургант" бағдарламасының үшінші маусымындағы жүргізушілердің бірі ретінде таныды. Әр жылдары ТВ-6, НТВ және ТВЦ телеарналарында бас продюсер қызметін атқарды.

Кино саласында актер ретінде "Охота на пиранью" фильмінде ойнады, ал "Граф Крестовский", "Любовь-морковь", "Моя любимая свекровь", "Тихая гавань" жобаларына продюсерлік етті.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары