Malim.kz
Әлем

"Соңғы хаты табылды": 38 жастағы танымал журналист тосын жағдайда қайтыс болды

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден

Париж маңынан 38 жастағы ресейлік журналистің мәйіті табылды. Бұл туралы журналист Денис Балашов Telegram арнасында хабарлаған, деп жазады Malim.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, журналист ауыр халде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін аман алып қала алмаған. Le Parisien басылымының дерегінше, марқұмның пәтерінен орыс тілінде жазылған бірнеше хат табылған. Сонымен қатар терезе тұсында орындық тұрғаны, ал қоқыс жәшігінен есірткіге ұқсас заттар анықталғаны айтылды.

Оқиға кезінде пәтерде журналистің көршісі болған. Алайда тілдік кедергіге байланысты полиция одан толық әрі нақты түсініктеме ала алмаған. Құзырлы органдар көршінің оқиғаға тікелей куәгер болған-болмағанын әзірге нақтыламады.

BFM TV мәліметінше, қаза болардан аз уақыт бұрын журналист жақындарына хат жолдап, өзін хакерлік шабуылдардың құрбанына айналғанын жазған. Ол әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарының бұзылғанын, сондай-ақ телефонына зиянды бағдарламалар орнатылғанын айтқан. Францияда тұратын Денис Балашов бұл ақпаратты растады. Оның сөзінше, хакерлік шабуылдар журналистің психологиялық жағдайына қатты әсер еткен.

Сонымен бірге Le Parisien тергеуге жақын дереккөздерге сүйеніп, марқұмға өліммен қорқытатын хабарламалар келуі мүмкін екенін хабарлады. Қазіргі таңда Франция полициясы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Француз БАҚ-тары марқұмның аты-жөнін әзірге ресми түрде жарияламады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары