Malim.kz
Әлем

Сот Қамшыбек Ташиевке шығарылған үкімнің себебін түсіндірді

Айбын Атабай
Фото: 24.kg

Бішкектің Первомай аудандық соты Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиевке қатысты «75-тің хаты» деп аталатын іс бойынша шығарылған үкімге түсініктеме берді, деп хабарлайды Malim.kz.

24.kg жазуынша, Ташиев кінәлі деп танылды, бірақ түрмеге қамалмайды.

Бұл іс «75-тің хаты» деп аталған құжатқа байланысты қозғалған. Аталған хатқа саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері қол қойып, мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді талап еткен.

Айыпталушылар қатарында Қамшыбек Ташиевтен бөлек, депутат Құрманқұл Зулушев, Жогорку Кенештің төрағасы Нұрланбек Тұрғынбек ұлы, сондай-ақ қамауда болған саясаткерлер Бекболот Талғарбеков, Эмильбек Ұзақбаев, Аалы Қарашев, Құрманбек Дыйқанбаев және Құрсан Асанов болды.

Сот олардың барлығын «Қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» бабы бойынша ақтады.

Төрт жылға сотталды, мүлкі тәркіленеді

Ал «Билікті күшпен басып алуға әрекет жасау» бабы бойынша Қамшыбек Ташиев пен іс бойынша өзге айыпталушылар кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасына кесілді.

Алайда сот оларды жазасын өтеуден босатып, үш жылдық пробациялық бақылаумен алмастырды. Осылайша Ташиев пен басқа да сотталғандар түрмеде нақты жаза өтемейді.

Неліктен жаза пробациялық бақылаумен алмастырылды?

Соттың түсіндіруінше, мұндай шешім қылмыстың соңына дейін жеткізілмей, дайындық сатысында тоқтатылғаны ескеріліп қабылданған. Сонымен қатар сот айыпталушылардың қылмыстық ниетінің жүзеге асу дәрежесін және олардың жеке басын назарға алып, оларды қоғамнан оқшауламай-ақ түзетуге болады деген қорытындыға келген.

Сот пробациялық бақылау қылмыстық жауапкершіліктен босату емес, қылмыстық-құқықтық ықпал ету шарасы екенін атап өтті. Оның орындалуын пробация органдары қадағалайды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары