Malim.kz
Қоғам

ШҚО әкімі Моңғолия Елшісімен кездесті

Арман Қайыпхан
Фото: ШҚО әкімдігі

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Батжаргал Гунаажавпен кездесті, деп хабарлайды Malim.kz.

«Моңғолия – біздің жақын көршіміз әрі сенімді серіктесіміз. Екі ел арасындағы қарым-қатынас дәстүрлі түрде өзара құрмет, сенім және тату көршілік қағидаттарына негізделген. Ынтымақтастықты дамытудағы маңызды оқиғалардың бірі – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапары болды. Осы жылдың 10 маусымында Қытайдың Алтай қаласында Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаярмен кездестім. Келіссөздер барысында көлік-логистикалық байланыстарды дамыту мүмкіндіктері талқыға салынды», - деді аймақ басшысы.

Моңғолия Елшісі өз сөзінде жылы қабылдаған облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, Өскемендегі «Pro Сүт'26» V халықаралық ауыл шаруашылығы форумының жоғары деңгейде өтіп жатқанын жеткізді.

Кездесуде тараптар өзара сауда-саттықты дамыту мақсатында іске қосылатын Өскемен – Баян-Өлгей бағытындағы тікелей әуе рейсінің маңызын атап өтіп, Ресей Федерациясы арқылы өтетін жаңа автокөлік бағыттарын ашу туралы талқылады.

Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы студенттер арасында тағылымдамалар мен академиялық алмасу бағдарламаларын дамыту, «Транс-Алтай» экотуризм жобасын ілгерілету жайлы сөз етілді. Батжаргал Гунаажав Нұрымбет Сақтағановты Ховд аймағына жұмыс сапарымен келуге шақырды.

Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысы мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы 91,8 мың АҚШ долларын құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі еседей көп. Өңіріміз Моңғолияға физикалық және химиялық талдау жүргізуге арналған жабдықтарды экспорттайды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары