Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов кеше болған қайғылы оқиғаға байланысты шұғыл түрде Үлкен Нарын ауданына барды, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Үлкен Нарын ауылында су құбыры жарылған жерде апатты қалпына келтіру және жер қазу жұмыстары кезінде топырақ опырылып, «Нарын КомХоз Сервис» коммуналдық кәсіпорнының екі қызметкері — дәнекерлеуші Ержан Айтпаев (1983 жылы туған) және слесарь Сергей Кастерин (1970 жылы туған) қаза тапты.
"Бейбіт, тұрақты уақытта өндірістік қауіпсіздік талаптарының бұзылуынан адам өлімінің орын алуы мүлде жол берілмейтін жағдай. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығы кез келген кәсіпорын үшін ең жоғары басымдықта болуы тиіс — бұл кез келген экономикалық мүддеден маңызды. Әкімдік атынан қаза тапқандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтып, біз оларға жан-жақты қолдау көрсететімізді жеткізгім келеді. Сонымен қатар, тиісті органдарға оқиғаның себептерін анықтап, оған кінәлі адамдардың жауапкершілігін белгілеу үшін жан-жақты әрі әділ тексеру жүргізуді тапсырдым", — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі өндірістік жарақаттардың алдын алу мәселелеріне кешенді түрде қарау қажеттігін ерекше атап өтіп, әсіресе адамдардың өміріне қауіп төндіретін жағдайларда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау облыс басшылығының тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.
Қаза тапқандардың отбасыларына республикалық бюджеттен өтемақы төленеді, сондай-ақ сақтандыру тетіктері арқылы қарастырылған өтемақылар беріледі. Өңір басшысы марқұмдардың туыстарымен жеке кездесіп, олардың назардан тыс қалмайтынын және оларға тиісті көмек көрсетілетінін айтты.
Фото: ШҚО әкімдігі