Malim.kz
Қоғам

СҚО-да мал ұрлығымен айналысқан 4 адам ұсталды

Сабина Асқарқызы
polisia.kz

СҚО-да полицейлер мал ұрлығымен айналысқан топты құрықтады, деп хабарлайды Malim.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Тайынша ауданының ауылдары мен аудан орталығында жасалған мал ұрлығының бірнеше дерегіне қатысы бар деген күдікпен төрт жас жігітті ұстаған.

Қылмыстық топ сәуір айының басынан бері әрекет еткен. Күдіктілер қоралардан қой ұрлаған көрінеді. Айта кетерлігі мал иелерінің ешқайсысы жануарлардың жоғалғанын өз бетінше байқамаған. Қылмыстар полицияның күнделікті жедел-профилактикалық жұмысы барысында анықталды.

Криминалдық полиция қызметкерлері төрт күдіктінің жеке басын анықтады. Олар жасы 20 мен 24 аралығындағы жергілікті тұрғындар болып шықты. Аудан орталығындағы бейнебақылау камералары күдіктілердің бірінің ұрланған малды ВАЗ 2112 автокөлігінің жүксалғышы мен салонында тасымалдап, сатып алушыға жеткізгенін тіркеген. 1 мамыр күні, малды өткізгеннен кейін бірден күдіктілер ұсталды, - деп жазылған Polisia.kz мақаласында. 

Қазіргі уақытта мал ұрлығының төрт дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Барлығы 23 бас мал ұрланған. Оның 12-сі сатып алушылардан алынып, заңды иелеріне қайтарылды. Күдіктілердің өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы тексерілуде. Мал сатып алушының жауапкершілігі мәселесі қаралуда.

Полицейлер ауыл тұрғындарын қырағы болуға, қора-жайларды көрінетін жерлерге орналастыруға және өздеріне тиесілі малды қорғау бойынша өзге де шаралар қабылдауға шақырады. Жыл басынан бері СҚО-да 6 мал ұрлығы тіркеліп, олардың барлығы ашылды.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары