Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында полицейлер кәріз құдығына түсіп, есінен танып қалған екі жұмысшыны құтқарып қалды. Оқиға Қасым Қайсенов кентінде болған, деп хабарлайды Malim.kz.
Polisia.kz мәліметінше, «Молодежный» КМК-нің екі қызметкері №11 үйдің маңында кәріз құбырларын тазалап жатқан. Жұмыс барысында олардың бірі құдыққа түсіп, есінен танып қалған. Оған көмектеспек болған екінші жұмысшы да құдыққа түсіп, есінен айырылған.
Оқиғаны сол маңнан өтіп бара жатқан Ұлан ауданының криминалисі Асет Нағашбаев байқап, дереу учаскелік полиция инспекторына хабарлаған.
Оқиға орнына келген учаскелік полиция инспекторы Нұрдәулет Тетепов арқанның көмегімен кәріз құдығына түсіп, жұмысшыларды сыртқа шығаруға кіріскен. Ол алдымен бір жұмысшыны, кейін екіншісін құдықтан алып шыққан.
Құтқарылған екі азамат жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.
Полицияның мәліметінше, Асет Нағашбаевтың жедел әрекеті мен Нұрдәулет Тетеповтің көмегінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік болған.