Бүгін Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы "Бүркіт төбе" алаңында 3 күнге созылған халықаралық «Шығыс Салбурыны-2025» фестивалі аяқталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Марапаттау рәсіміне ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, республикалық "Құсбегілік" федерациясының вице-президенттері Бағдат Мүптекеқызы мен Жанжігіт Омархан қатысты.
"Бұл облыс үшін ғана емес, еліміз үшін маңызы зор фестиваль. Үш күн бойы «Бүркіт төбе» алаңының көркін спорттық бәсекелер қыздырып, қатысушылар достық пен бірліктің нағыз үлгісін көрсетті. Алтай мен Тарбағатайдың асқақ шыңдары мен кең даласында қыран құс салу – ата-бабамыздан жалғасқан көне дәстүрдің бірі. Саятшылық өнердің әлемдік деңгейде мойындалып, ұлттық брендке айнала бастауы халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан баға жетпес мұрасының мәңгілік құндылық екенін айғақтайды", - деді Нұрымбет Сақтағанов.
«Шығыс Салбурыны» Халықаралық фестивалі биыл бесінші мәрте ұйымдастырылып отыр.
Оған Қытай, Ресей, Испания, Мажарстан, Моңғолия, Қырғызстан және еліміздің әр өңірінен 100-ден астам спортшы қатысты. Ал жалпы жиналған жұрттың саны 10 мыңға жетті.
Концерт қойылып, онда Кенжебек Жанәбілов, Досымжан Танатаров, "Алатау серілері" тобы және өңірге танымал басқа да әншілер өнер көрсетті.
Фото: ШҚО әкімдігі