Malim.kz
Қоғам

ШҚО-да жоғары оқу орындарына түскен түлектер саны артты

Сабина Асқарқызы
ШҚО әкімдігі

Бүгін Шығыс Қазақстан облысы ұстаздарының Тамыз кеңесі өтті. Кеңес тақырыбы «Адам капиталы, білім, прогресс - халықтық конституцияның негізгі құндылықтары» болды. Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды Malim.kz.

Кеңес алдында инновациялық жобалар көрмесі ұйымдастырылды. Онда мектептер үшін жасанды интеллекттің кешенді жүйесін енгізу, білім ордасындағы барлық процестерді автоматтандыруды қамтитын платформа, оқу процесін цифрлық трансформациялау және мұғалім, оқушы мен мектеп арасындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру сынды түрлі жобалар ұсынылды.

Пленарлық бөлімде сөз сөйлеген облыс әкімі Тамыз кеңесі – өткен оқу жылындағы жұмыстарды қорытындылап, алдағы оқу жылына жаңа міндеттер қоятын маңызды жиын екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесінің алдына маңызды міндеттер қойып отыр. Олар – білім сапасын қамтамасыз ету және әр баланың жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасау. Біздің облыс деңгейіндегі басты мақсатымыз – осы міндеттердің іске асырылуын қамтамасыз ету және тұрғылықты жеріне қарамастан барлық балаға тең мүмкіндік жасау. Биыл да мектеп инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын жалғастырудамыз», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Самар ауданындағы Самар ауылында және Марқакөл ауданындағы Қайнарлы ауылында жалпы сыйымдылығы 200 орындық екі мектептің құрылысы аяқталды. Жаңа оқу жылына дейін Риддер қаласында «Қазцинк» ЖШС-нің қолдауымен салынған 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта Зайсан, Марқакөл және Күршім аудандарында жалпы сыйымдылығы 350 орын болатын тағы төрт мектептің құрылысы жалғасуда. Осы жылы облыста жоғары оқу орындарына түскен түлектердің үлесі 55%-дан 61%-ға өсті. Бұл – оқушылардың білім сапасы мен дайындық деңгейінің артқанын көрсетеді.

«Алайда біз үшін сапалы білім беруді қамтамасыз етумен бірге, өңір экономикасына қажетті, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау да маңызды. Осы мақсатта «Білікті маман» өңірлік жобасы жүзеге асырылуда. Жыл сайын жергілікті бюджет есебінен 270 білім беру гранты бөлінеді. Оның шамамен 30%-ы педагогикалық мамандықтарға бағытталады. Жобаны іске асыру нәтижесінде педагогикалық бағыттар бойынша кадр тапшылығы 46%-ға, техникалық бағыттар бойынша 41%-ға, медициналық бағыттар бойынша 32%-ға қысқарды», - деді аймақ басшысы.

Облыстағы 347 мектептің барлығы интернетпен қамтамасыз етілді. Ендігі кезең – цифрлық ортаның сапасы мен қауіпсіздігін арттыру.
Өткен жылы 6 мектепте киберқауіпсіздік бойынша жоба жүзеге асырылып, өз тиімділігін көрсетті. Келесі қадам осы тәжірибені облыстың барлық мектептеріне енгізу. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект технологияларын енгізіп, педагогтер мен оқушылардың цифрлық мүмкіндіктері кеңейтілуде.

Жиын барысында марапаттау рәсімі де өтіп, аймақтың білім саласында жемісті еңбек етіп жүрген жандарға «Құрмет» ордені, «Ағарту ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері, ШҚО әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, «Үздік орта білім беру ұйымы – 2026» грантына сертификаттар және өңірлік құрмет наградалары табысталды.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары