Шығыс Қазақстан облысында алдағы жылыту маусымына кешенді дайындық жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Malim.kz.
Әлеуметтік нысандардың, коммуналдық инфрақұрылымның, қазандықтардың дайындығы және отын қоры мәселелері өңір басшылығының тұрақты бақылауында.
Бүгін Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күзгі-қысқы кезеңге дайындық мәселелері қаралды. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Негізгі көрсеткіштер бойынша ШҚО жоғары нәтижелер көрсетіп отыр. Атап айтқанда, облыс автономды қазандықтардың дайындық жоспарын орындау және көмір қорын қалыптастыру бойынша республикада елордадан кейін екінші орында тұр.
Білім беру нысандарының жаңа оқу жылына дайындығы бойынша өңір елдегі алғашқы төрттіктің қатарында.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан коммуналдық қызметтер бойынша дебиторлық берешек деңгейі төмен он өңірдің қатарына кіреді. Бұл - коммуналдық кешеннің тұрақты жұмыс істеуінің маңызды факторларының бірі.
Үкіметте солтүстік, шығыс өңірлердегі және елордадағы нысандардың 15 қыркүйекке дейін толық дайын болуын қамтамасыз ету тапсырылды.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жауапты қызметтерге дайындық қарқынын төмендетпей, барлық іс-шара кешенін тұрақты бақылауда ұстау маңызды екенін еске салды. Бұл инженерлік желілер мен қазандықтардың жай-күйінен бастап, қажетті отын қорын қалыптастыруға және әлеуметтік нысандардың дайындығына дейінгі жұмыстарды қамтиды.
«Біздің міндетіміз - жылыту маусымына тек формалды көрсеткіштер бойынша дайындалу емес. Бастысы - бүкіл жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, қыс бойы халыққа қолайлы жағдай жасау. Әрбір нысан мен әрбір проблемалық учаске бақылауда болуы тиіс», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Жалпы, Шығыс Қазақстан облысының нақтыланған бюджетінің 1 тамыздағы жағдай бойынша шығыстарының жартысынан сәл астамы әлеуметтік салаға бағытталған. Одан кейінгі орында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік саласы және ауыл шаруашылығы тұр.
Осылайша, жылыту маусымына дайындық бірнеше бағыт бойынша қатар жүргізілуде: коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту, отынмен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды дайындау және инженерлік желілердің сенімділігін арттыру. Жер аумағы кең әрі қысы қатал өңір үшін бұл - алдағы апталардағы негізгі міндеттердің бірі.