Степногорскіде мас әйел полицейге шабуыл жасап, оның беті мен мойнын тырнап тастаған, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиға 15 тамызға қараған түні сағат 00:30 шамасында болған. Полицияға көпқабатты үй тұрғындары көрші пәтерден шыққан қатты музыкаға шағымданған.
Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары тыныштықтың бұзылғанын анықтаған. Оларға есікті 40 жастағы пәтер иесі ашқан. Әйелдің мас күйде болғаны анықталды.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, әйел тәртіп бұзушылықты тоқтату және медициналық куәландырудан өту туралы талаптарға агрессивті түрде жауап берген. Ол балағат сөздер айтып, полицейлердің талаптарын орындаудан бас тартқан.
Жанжал кезінде әйел полицейлердің бірін итеріп, кейін подъезге жүгіріп шыққан. Сол жерде тәртіп сақшысына тап беріп, оның беті мен мойнын тырнап тастаған. Оқиғаны патрульдің екінші қызметкері видеоға түсіріп алған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.