Степногорскіде жол жөндеу жұмыстарын тексеру кезінде жаңа төселген асфальттың сапасына қатысты бірқатар мәселе анықталды. Тексеру барысында жол жабынының кей жері қолмен-ақ үгітіліп түскен, деп Malim.kz тілшісі, ztb.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Тексеру 6-11 көшесіндегі учаскеде жүргізілген. Жарияланған видеода тексеруге қатысушылардың бірі асфальттың бір бөлігін қолымен жұлып алып жатқанын көруге болады. Сондай-ақ кей тұста жол жабынының астындағы негіз дұрыс дайындалмағаны, ал жиектастардың берік бекітілмегені айтылды. Басқа БАҚ та тексеру кезінде асфальттың борпылдақ болып, механикалық әсерден оңай бұзылғанын жазды.
Мердігер аталған учаскеде тиісті бақылау болмағанын мойындап, кемшіліктерді түзетуге уәде берген. Ол проблемалы жерді қиыршық таспен толтырып, үстінен жаңа асфальт қабатын төсеуді ұсынған.
Алайда тексеруге қатысушылар бұл ұсыныспен келіспей, сапасыз төселген жабынды толық алып тастап, жол негізін қайта дайындауды және содан кейін ғана асфальт төсеуді талап еткен.