Malim.kz
Қоғам

Студент екі аяғынан айырылған жол апаты бойынша іс тоқтатылды

Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: Ulysmedia.kz

Павлодар облысында Астана – Павлодар тасжолында болған ауыр жол апатына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Көлікті Арыс қаласының әкімі Қайсар Манқараевтың 22 жастағы ұлы басқарған. Апаттан кейін Талғат есімді студент ауыр жарақат алып, дәрігерлер оның екі аяғын да ампутациялаған, деп  Malim.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жол апаты биыл 29 мамырда болған. Автокөлік жол жиегіндегі темір қоршауға соғылып, қоршаудың бір бөлігі көлік салонына кіріп кеткен. Соның салдарынан жолаушы ауыр жарақат алған.

Талғат клиникалық өлімді бастан өткерген. Кейін оның өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер екі аяғын да ампутациялауға мәжбүр болған.

Оқиғаға байланысты денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Полиция мәліметінше, 16 қыркүйекте іс 2026 жылғы 1 шілдеде қабылданған рақымшылық туралы заң негізінде тоқтатылған. Қылмыстық іс материалдары шешімді бекіту үшін Екібастұз прокуратурасына жолданған.

Жәбірленуші тарапқа шығынды өндіру мәселесі бойынша сотқа азаматтық тәртіппен жүгіну ұсынылған.

Талғаттың әпкесі Гүлсімнің айтуынша, қазір студент үйінде ем қабылдап жатыр. Алда оған тағы бір операция жасалуы тиіс. Отбасы емдеу мен оңалтуға байланысты негізгі шығындардың әлі алда екенін жеткізген.

Бұған дейін Арыс қаласының әкімі Қайсар Манқараев апат болған көлікті ұлы басқарғанын растаған. Сондай-ақ ол тергеу барысына араласпайтынын мәлімдеген.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары