Атырау облысында өткен жылдың 14 желтоқсанында достарымен бірге аңға шығып, бес күннен кейін өлі күйінде табылған 61 жастағы Өтебай Сабировтің қазасына қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Алайда марқұмның қызы бұл шешіммен келіспейтінін айтып, әкесінің өліміне байланысты бірқатар күмәнді жайттарды жария етті.
Оның айтуынша, Өтебай Сабиров кәсіби аңшы болмаған, бұл – оның өмірінде алғаш рет аңға шығуы. Қызының сөзінше, әкесі арнайы аңшылық киім кимей, күнделікті жұмыс киімімен және қарапайым етікпен аспаз ретінде барған. Жанында оны жақсы танитын екі адам болған.
Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, марқұм жүрек талмасынан немесе суға тұншығудан көз жұмбаған. Мамандар оның суыққа тоңып қайтыс болғанын көрсеткен.
Қызының мәліметінше, 15 желтоқсан күні сағат 11:19 шамасында әкесінің кетіп бара жатқан сәті бейнежазбада тіркелген. Ал қасында болған азаматтар оны шамамен төрт сағат өткен соң ғана іздей бастағандарын айтқан.
Марқұммен бірге оның досы және сол адамның күйеу баласы болған. Қызы осы екі адамның кейбір жайттарды жасырғанына сенімді екенін жеткізді. Айтуынша, әкесінің досы іздеу барысында небәрі 100 метр жүргенін айтып, соңғы рет марқұм көрінген жерге бармаған.
"Аяқтарында тізеге дейін резеңке етік болған. "Суға кірдіңіз бе?" деп сұрадым. "Тобыққа дейін су болды, әрі қарай кірмедім" деді. Ол жер бататын су емес. Бір нәрсені жасырып отыр", – деп жазды ол.
Сонымен қатар, марқұмның қызы осы уақытқа дейін ешкім өз еркімен келіп кешірім сұрамағанын немесе толыққанды түсініктеме бермегенін атап өтті.
Еске салайық, Өтебай Сабировтің денесі 19 желтоқсан күні сағат 15:10 шамасында Каспий теңізіне жақын орналасқан "Ботахан" кен орны аумағынан табылған. Іздеу жұмыстары кезінде алдымен оның көлігі анықталып, кейін әуеден барлау жүргізілген. Құтқарушылар 20 шақырым радиуста аумақты тексерген.