Malim.kz
Қоғам

Шұғыл хабар! Алматыдан ұшып шыққан ұшақ ел күтпеген жағдайға тап болды

Мадияр Қапанбек
depositphotos.com

Алматыдан ұшқан FlyArystan әуе компаниясының ұшағы қону кезінде құстармен соқтығысқан, деп хабарлайды Malim.kz.

Оқиға 24 қаңтар күні FS7167 рейсін орындау барысында тіркелген. Алматы – Орал бағытымен ұшып келген әуе кемесі Орал әуежайына сәтті қонған. Кейін ұшақты және оның негізгі тораптарын толық тексеру үшін Астана қаласынан инженерлік-техникалық мамандар жіберілген.

Авиакомпания мәліметінше, тексеру жұмыстары аяқталған соң әуе кемесі ұшуға жарамды деп танылған. Соның нәтижесінде 25 қаңтар күні сағат 01:17-де ұшақ Орал – Алматы бағыты бойынша қайта ұшқан. Кешіккен жолаушыларға ыстық сусындар мен тамақ ұсынылып, сұраныс білдірген 33 жолаушы қонақүйге орналастырылған.

FlyArystan өкілдері барлық шаралар авиациялық қауіпсіздік пен техникалық пайдалану талаптарына сай жүргізілгенін атап өтті. Компания жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі әрдайым басты назарда екенін, ал құстармен соқтығысу тасымалдаушыға тәуелсіз сыртқы фактор екендігін мәлімдеді.

Құстармен соқтығысу қаншалықты қауіпті?

Құстармен соқтығысу (bird strike) – авиацияда кездесетін жағдайлардың бірі, бірақ ол әрдайым аса қауіпті апатқа әкеледі деп айтуға болмайды. Қауіп деңгейі ұшақтың жылдамдығына, құстың көлеміне және соқтығысқан орнына байланысты. Ең тәуекелді жағдай – құстың қозғалтқышқа түсуі, алайда қазіргі заманауи әуе кемелері мұндай сыртқы факторларға төзімді етіп жобаланады және арнайы сынақтардан өтеді. Бұл жағдайда оқиғаның қону кезінде болғаны маңызды: қону сәтінде ұшақтың жылдамдығы төмендейді, сондықтан қауіп деңгейі де азаяды. Осындай жағдай тіркелген соң әуе кемесі міндетті түрде толық техникалық тексеруден өтеді, тек ұшуға жарамды деп танылғаннан кейін ғана рейсін жалғастырады. Авиация саласында қауіпсіздік бірінші орында тұрғандықтан, құстармен соқтығысу көбіне бақылауда болатын, алдын ала есептелген тәуекел саналады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары