Malim.kz
Қоғам

"Сүйінші, ағайын!" – Әнші Төреғали Төреәлі жетінші мәрте әке атанды (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
instagram.com/impresario.tv. Суретте: Төреғали Төреәлі

Танымал әнші Төреғали Төреәлі отбасында қуанышты жаңалық орын алды – ол жетінші рет әке атанды. Өнер иесінің жұбайы Толқын қыз баланы дүниеге әкелді, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы әншінің продюсері Жан Мұқанов әлеуметтік желіде хабарлаған.

"Құрметті қазақ елі! Бүгін қуанышты жаңалықпен бөліскім келеді. Төреғали Төреәлі отбасында қыз бала дүниеге келді! Сүйінші! Бүгін – 7 сәуір күні, кешкі сағат жетіде жетінші перзент дүниеге келді. Бұл – жетінші қыз бала. Киелі жетілік! Шын жүректен құттықтаймын! Алла тағала сәбиге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, жарқын болашақ нәсіп етсін. Әке-шешесіне қуаныш, береке, бақыт әкелсін. Осындай ақжолтай сәттер қазақ еліне көбейе берсін! Құтты болсын!", – деп жазды продюсер.

Продюсердің айтуынша, сәбиге әзірге есім берілмеген. Ол оқырмандардан есім нұсқаларын ұсынып, солардың ішінен таңдау жасалуы мүмкін екенін жеткізді.

Төреғали Төреәлі (толық аты-жөні Төреғали Төреәліұлы Әлиханов) – қазақстандық танымал әнші әрі актер, 1992 жылдың 14 қазанында Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Ол 2009 жылы Юрий Гагарин атындағы №8 мектепті тәмамдап, кейін Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының колледжінде актер мамандығы бойынша білім алған.

Төреғали өнер жолын айтыстан бастап, қысқа уақыт ішінде республикалық деңгейдегі айтыстарда бірнеше мәрте жеңімпаз атанған. Кейін эстрадаға ауысып, "Іздеме" әні арқылы тыңдарманға кеңінен танылды. Оның шығармашылығында Қайнар Алагөзов жазған әндердің орны ерекше. Әнші "той-поп" және рэп жанрларында өнер көрсетіп, "Ұлы дала баласы" деген лақап атпен де белгілі.

Төреғалидің продюсері – әкесі Төреәлі Төлепов, ал анасы Аягөз Төлепова ұстаздық қызмет атқарады. Оның Фариза және Дина есімді екі қарындасы бар. Өнер иесі отбасылы, бірнеше баланың әкесі.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары