Қазақстанда мерзімді әскери қызметке онлайн өтініш беру мүмкіндігі іске қосылды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады. Енді үміткерлер myarmy.kz платформасы арқылы өтініш тапсыра алады, деп хабарлайды Malim.kz.
Жаңа жүйе SARBAZ+ жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Үміткер сайтқа кіріп, талаптармен танысып, өтінім толтырады. Одан әрі барлық кезең автоматты түрде өтеді: құжаттарды тексеру, медициналық комиссиядан өту, сұхбат және соңғы шешім шығару.
Министрлік мәліметінше, алдымен өтінім жан-жақты тексеріледі.
"Алдымен қабылданған өтінім мұқият тексеріледі. Содан соң әскери комиссариатқа медициналық тексеруден өту үшін шақыру келеді. Кейін әскери бөлім өкілдерімен әңгімелесу өткізіледі. Соның нәтижесінде үміткерді қабылдау немесе бас тарту туралы шешім шығарылады. Барлық кезең түсінікті әрі ашық, ал қажетті құжаттар тізімі сайтта көрсетілген", – делінген министрлік хабарламасында.
SARBAZ+ жобасы аясында сарбаздар тек әскери дайындықтан өтіп қана қоймай, заманауи дағдыларды да меңгереді. Мәселен, Rtel оқу сыныптарында радиобайланыс негіздерін үйреніп, Ashik Aspan бағдарламасы арқылы дрон басқаруды игереді.
"Rtel оқу сыныптарында әскери қызметшілер радиобайланысты меңгеріп, Ashik Aspan бағдарламасы арқылы дрондарды басқаруды үйренеді. Бұдан бөлек Eltex заманауи технологиялық жүйелерімен жұмыс істеуге бейімделеді. Сонымен бірге олар киберқауіпсіздік және деректерді қорғау негіздерін оқиды, жасанды интеллект элементтерімен танысып, цифрлық платформалар арқылы ағылшын тілін жетілдіреді", – делінген хабарламада.
Министрлік бұл жобаға қызығушылықтың жоғары екенін атап өтті. Қазіргі таңда 268 өтінім қабылданып, олардың шамамен 90-ы іріктелген. Орта есеппен бір орынға үш үміткерден келеді.